Қазақстан-Сербия қатынасы нығая түседі
Бүгін Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары, сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Сербияға ресми сапары басталады.
Шара аясында ол ел президенті Александр Вучичпен, сыртқы саясат ведомстволарының басшылары және ғылым, қорғаныс министрлерімен кездеседі.
Биыл Қазақстан мен Сербияның саяси-экономикалық байланыс орнатқанына 27 жыл. Сербтердің қатысуымен құрылыс, ауыл шаруашылығы, ғылыми-техникалық салалар бойынша елімізде 50-ден астам компания тұрақты жұмыс істеп тұр. Былтыр екіжақты сауда айналымы 78 млн доллар болса, биылғы 8 айда бұл көрсеткіш 70 млн доллардан асып түскен.
30 жыл бұрын Алматыда Сербиямен бірлескен жүгері тұқымын өндіру зауытының негізі қаланды. Бүгінде мұнда дақылдың 145 күнде пісетін 20-ға жуық түрі өсіріледі.
Лазар Коич, кәсіпкер:
- Біз коммерциялық, аталық және аналық үлгісінен басқа жүгері тұқымының барлық түрін өсіреміз. Өйткені дақылдың аталық, аналық үлгісі өте қымбат тұрады, келісі 40 доллардан келеді. Бұған дейін Қазақстан жүгері дәнегінің бұл түрлерін шетелдерден сатып алатын. Енді дақыл тұқымының ерекше үлгісін Қазақстанда өзіміз өндіріп, елдің басқа аймақтарына жеткіземіз. Артылып жатса, сырт елдерге экспорттаймыз.
Қазақстан Сербияға мұнай, көлік құралдары мен құрылыс материалдарын экспорттайды. Ал алюминийден жасалған металл жабдықтары, темекі өнімдері мен өлшеу құралдарын шетелден жеткізеді.
Мәди Атамқұлов, Қазақстан республикасының Сербиядағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстан мен Сербия серіктес қана емес, іскерлік, достық қарым-қатынас та орнатқан. Ал саяси тұрғыдан қос тарап бір-біріне әркез қолдау білдіреді, халықаралық аренадағы байланысы мығым. Экономикалық жағынан екі елдің де әлеуеті жоғары. Біз сербтермен ауыл шаруашылығы, білім саласы, мәдениет пен спорт, сондай-ақ ІТ технологиялар бойынша кең тәжірибе алмасып, жұмыс істей аламыз. Белградта өте ерекше ІТ паркі бар, бұл орталық біздің Астана хабпен ынтымақтастық орнатуына болады.
Зоран Томич, Сербия парламентінің депутаты:
- Біздің елімізбен Қазақстан халқы арасында жақсы қатынас орнап келеді. Сондай-ақ дипломатиялық байланысымыз да тұрақты. Ел президенті Александр Вучич Қазақстанға алғаш рет Премьер-министр болған уақытында барды. Кейін Президент болып тағайындалғанда ресми сапармен келді. Сербия Парламенті ұлттық ассамблеясының экс басшысы Майя Гойкович те Қазақстанға бірнеше рет барған болатын. Демек, бізді тек экономикалық қана емес, білім, ғылым, туризм, жастар саясаты салалары да байланыстырады.
Қазақстан-Сербия серіктестігін дамытуға бағытталған ауқымды сала бар. Ол – мәдениет пен білім беру ісіндегі ортақ жүйе, инвестиция мен цифрландыру бағыттары.
Душан Пророкович, Стратегиялық бастамалар орталығының директоры:
- Ғылым саласы бойынша бірлескен жобаларды дамытуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ ортақ байланысты кеңейтіп, алпауыт Қытаймен де қатынасты нығайтуға болады. Өйткені бұл мемлекет қос елдің де ең ірі инвесторы.
Айта кетейін, бұл – Премьер-министр орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Сербияға алғашқы сапары. Соның аясында тараптар екіжақты қарым-қатынастарды нығайту мәселелерін талқылайды.
Әсия Нұрлыбаева, Жанат Эрнст, «Хабар-24, Сербия, Белград.