БҰҰ-да ядролық қаруға тыйым салу мәселесі талқыланды
Нью-Йоркте ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қатысушы елдердің екінші конференциясы жалғасып жатыр.
Жиынға ядролық сынақтардан зардап шеккен Қазақстан мен Кирибати елдерінің тұрғындар да қатысты. Олардың БҰҰ-ға келіп, сөз сөйлеуіне еліміздің Сыртқы істер министрлігі тікелей себепші болған.
35 жастағы Семей тұрғыны Әйгерім Елкелді сегіз жыл бұрын аты жаман ауруға шалдығады. Ядролық сынақтардан зардап шегіп, бірнеше рет химия терапия қабылдауға мәжбүр болған. Қазір 21 күн сайын иммундық терапия қабылдайды. Семейдегі ядролық сынақтардың кесірінен Әйгерім өз әулетінде без обыры ауруына апасы мен анасы да шалдыққанын айтады. Сырқатына қарамастан мұхит асып, Нью-Йоркке келіп отыр. БҰҰ-да өтіп жатқан конференцияға болашақ ұрпақтың қамы үшін келдім дейді.
Әйгерім Елкелді, ядролық сынақтардан зардап шегуші:
- Менің бұл жаққа келудегі мақсатым – ядролық жарылыстар болмаса екен, бізден кейінгі ұрпақтың бастарына осындай жағдай түспесе екен деген тілек.
Қазақстандағы ядролық сынақтардың зардабын миллионнан аса адам тартып жүр. Ал уытпен ластанып, жарамсыз қалған жер көлемі 18 мың шаршы шақырым. Бұл Словения секілді бүтін бір елдің территориясымен тең аумақ. Бүгінгі конференцияда Кирибати елінің өкілдері де сөз сөйледі. Он екі адамнан тұратын делегацияның БҰҰ-ға келуіне Қазақстан тікелей мұрындық болған. Себебі, тағдыры ұқсас. Тынық мұхитындағы арал мемлекеттің аумағында Америка мен Ұлыбритания 33 рет ядролық сынақ өткізген.
Кристиан Чобану, Кирибати делегациясының мүшесі:
- Бұл сынақтар қоршаған ортаға, арал тұрғындарына орасан зор зиянын тигізді. Десе де оның зардабы қаншалықты ауқымды екенін нақты әлі білмейміз. Бүгінге дейін ғылыми зерттеу жүргізілмеді. Сондықтан біз халықаралық қолдауға мұқтажбыз. Ғалымдар келіп кешенді зерттеу жүргізіп, мәселені көтеруге көмек берсе дейміз.
Сондықтан Қазақстан мен Кирибатидің Халықаралық траст (сенім) қорын құруды ұсынды. Бұл қор ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсету мен қоршаған ортаны қалпына келтіруге байланысты жобаларды қаржыландырмақ. БҰҰ-дағы жаппай қырып жою қаруына тыйым салуды көздейтін конференция желтоқсанның бірінде аяқталады.
Айжан Сыдықова, «Хабар-24», АҚШ.