Татулық туралы шартқа 10 жыл толды

Мәскеуде Қазақстан мен Ресей сарапшылардың басын қосқан дөңгелек үстел өтті.

Шара ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.

Өткенге есеп беріліп, болашаққа бағдар жасалған жиында сарапшылар құжаттың тиімділігіне тоқталды. Ынтымақтастық мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

Дөңгелек үстел Ресей президентінің жақында Астанаға жасаған сапары аясында ұйымдастырылды.

Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев екі ел басшыларының келісімдері Астана мен Мәскеудің серіктестігінің серпінін ұзақ уақыт бойы айқындайтынын атап өтті. Ал 2013 жылы қол қойылған құжат ынтымақтастықтың пәрменді тетіктерін бекітіп берді.

Марат Бәшімов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

- Бір-бірінің cуверенитетін құрметтеу арқылы, осы шарт арқылы 350 заңдық құжат қабылданды. Президент Тоқаев мырза айтқаны – екі жаққа да пайдалы болатын қарым-қатынастар болу керек. Прагматизм негізіндегі қарым-қатынас. Бір-бірімізге көмектесіп, бір-бірімізді түсініп, ішкі саясатқа кіріспей деген. Осы бірінші орында тұр.

Қазақстан мен Ресей арасындағы ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы Шарт – мемлекетаралық ынтымақтастықтың құқықтық негізі. Бүгінде Қазақстан мен Ресей байланыстары барлық салада қарқынды нығайып келеді. Алыс-беріc үзілген емес, интеграциялық байланыстар да тереңдеді. Яғни стратегиялық маңызы бар Шарт өз өміршеңдігін көрсетті. Саясаткерлердің пікірі осыған саяды.

Александр Панкин, Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары:

- Бұл мемлекеттік құрылымдар арасындағы ынтымақтастықтың негізі ғана емес, адамдар, мамандар, аймақтар арасында, ғылыми орталықтар мен түрлі құрылымдар арасындағы байланыстардың негізі. Біз бір-бірімізге өте жақынбыз. Жалпы, моральдық, тарихи тұрғыдан алғанда ортақ тұстарымыз көп.

«Тарихи құжат екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше жағдай жасады. Қазақстан мен Ресей арасында одақтастық қатынастардың үздік үлгісі қалыптасты»,- деп түйіндеді сарапшылар. Қос тарап осы достық қатынасты бекемдеуге мүдделі. 

Дана Нұржан, Шахзод Гамиров, «Хабар-24», Ресей.