БАӘ біздің елде кеме зауытын ашады
Әрі баламалы қуат көзін өндіруге бағытталған жобаларға қаржы құяды. Бірнеше өңірде жел станциялары салынады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Дубайға сапарының екінші күнінде бірқатар келісімге қол қойылды. Президент "Қазақстанды жаңартылатын энергия көздерін дамытудың өңірлік орталығына айналдыруды көздеп отырмыз" деді.
Қорған Қонысбайұлы:
- Бүгін БАӘ мереке. 2 желтоқсан осы елдің ұлттық күні. Дегенмен, іскерлік кездесуге мереке кедергі емес. Бүгін Президент ірі компаниялардың басшыларымен кездесіп, елге олжа әкелері бірқатар келісімге қол қойылды.
Бұл Біріккен Араб Әмірліктерінің Инвестициялар министрі, ADQ холдингінің басқарушы директоры Мұхаммед әл-Сувейди. Бүгін Мемлекет басшысының қабылдауында болды. Әрі осы әл-Сувейди басқаратын холдингпен инвестициялық жобаға қол қойылды. Енді арабтар біздің елде 10 ГВт-тық баламалы қуат көзін беретін нысандарды салуға көмектеседі.
Мариям Альмазруи, MASDAR компаниясының Орталық Азия елдері бойынша бас менеджері:
- Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктері үшін, әсіресе MАЗДАР компаниясы үшін стратегиялық мемлекет саналады. Біздің кәсіпорын сіздің елде қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салатын болды. Бүгін Қазақстан Үкіметімен келісімге қол қойдық. Бұл жоба Қазақстандағы электр жүйесін күшейте түседі.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Қазір біз көп дегенде 17 гигаватт энергия тұтынамыз. Ал үш гигаватты жасыл технологиялардан алсақ, бұл біздегі жағдайды біраз жақсартады. Баламалы қуат көзінің есебінен көміртегіне тәуелділік азаяды.
Маздардан бөлек, біздің елде ACWA Power-да жаңа жоба бастайды. Бұл компания Сауд Арабиясындағы баламалы энергия секторындағы жетекші операторлардың бірі. Аталған компанияның басшысы да бүгін Дубайда Президенттің қабылдауында болды. Мұхаммед Абунайян Жетісу облысында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салуға ниетті. Оған 1,8 миллиард доллар инвестиция құймақ. Жалпы Абунайян Қазақстанда жасыл энергетика секторындағы бірегей жобаларды жүзеге асырсам дейді. Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай бастаманы қолдаймын деді. Бір бұл емес, сапар аясында TotalEnergies-пен де инвестициялық келісім бекіді. Әлемде алпауыт деп есептелетін француздың мұнай-газ компаниясы Жамбыл облысының Мирный кентінде 1 ГВт-тық жел электр станциясын салады. Ал әмірліктердің AD Ports Group-пы елде кеме зауытын ашады.
Нұрлан Жақыпов, "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы:
- Әмірлік компаниясы Абу Даби портс ҚТЖ-мен және Қазмұнайгазбен келісімшартқа қол қойды. Сол келісімшартқа сәйкес ҚТЖ олармен бірге ашық теңізде, ашық мұхитта біздің жүктерімізді тасымалдайтын болады. Ал ҚМГ-мен бірге Абу-Даби портс Каспий жағалауында кемелер құрайтын зауыт ашатын болады.
Арабтар елдегі жасыл желек алқабын ұлғайтуға да қаржы құяды. Атамекен палатасының басшысы тараптармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Елге тартылатын қаражат 10 млн доллар. Бұл қаржыға біздегі 3 мың га аумақта ағаш өсіріледі.
Райымбек Баталов, "Атамекен" ҰКП төралқа төрағасы:
- Біз экологиялық жобаларға баса мән беріп отырмыз. Бүгін халықаралық Сэйфис атты компания мен қазақстандық орман өсіруші компания офтейк-келісімшартқа қол қойды. Енді отандық компаниялар орман өсіру ісінде қаржылай қолдауға ие болады.
БАӘ - ислам және араб әлеміндегі басты стратегиялық серіктесіміз. Әлемдегі ықпалды елмен ынтымақтастық нығая бермек. Бұған дәлел, тек бүгіннің өзінде Мемлекет басшысының қатысуымен жиыны он құжатқа қол қойылды. Мұның артында әрине өз есебіміз бен мүддеміз жатыр.
Авторы: Қорған Қонысбайұлы