Президент ШҚО-ның әкімі Ермек Көшербаевты қабылдады
Облыс әкімі аймақтың биылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижесі туралы баяндады.
Биыл Шығыс Қазақстан облысының жалпы өңірлік өнімі 4,4 триллион теңге болады деген болжам жасалып отыр. Бүгінде инвестициялық жобалардың жалпыұлттық құрамына аймақтан құны 1,1 триллион теңге болатын 42 жоба кірген. Қазір сомасы 77 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылып жатыр. Агроөнеркәсіп кешенінде 37 ірі жоба орындалады. Оларға салынатын инвестиция мөлшері 236 миллиард теңгеден асады. Сонымен қатар Президентке 2024 жыл облыста Жол жылы деп жарияланғаны туралы айтылды. 600 шақырым жолды және көшелерді жөндеу жоспарланған. Бұдан бөлек, кездесуде шекара маңынан Марқакөл және Катонқарағай атты екі жаңа аудан құру мәселесіне ерекше назар аударылды. Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев өңір халқының өмір сүру сапасын арттыру маңызды екенін атап өтіп, Шығыс Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық тұрғыда одан әрі дамытуға қатысты бірқатар міндет жүктеді.