Қазақстан-Румыния ынтымағының көкжиегі кең
Қазақстан мен Румыния арасында бірнеше бағыт бойынша біріккен жобалар жасалады.
Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Бухарестке алғашқы ресми сапары кезінде белгілі болды. Тараптар БҰҰ, Еуропа қауіпсіздік ынтымақтастық ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясында барлық деңгейдегі байланыстарды кеңейтуге және өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделі екендігін растады.
Жанат Эрнст, тілші:
- Қазақстан мен Румыния арасындағы ынтымақтастық жылдан жылға нығайып келеді. Екі ел арасындағы өзара тауар айналымы өткен жылы шамамен 2,7 миллиард АҚШ доллары болса, биылғы жылдың 10 айында бұл көрсеткіш 2,3 миллиард АҚШ долларына жеткен. Қазақстан Румынияға мұнай және бейорганикалық химия өнімдерін, көмір, ферроқорытпалар, металл, көлік құралдары мен жабдықтарын экспорттайды. Ал Румыниядан біздің елімізге дәрі-дәрмек, мұнай өнімдері, косметика және тоқыма бұйымдары секілді тауарлар импортталады.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер- министрдің орынбасары, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Румыния 1991 жылы Тәуелсіздігімізді мойындаған бірінші еуропалық мемлекет болды. Бүгінде Румыния Қазақстанның Шығыс Еуропадағы және Еуроодақтағы сенімді және маңызды серіктесі. Отыз жыл ішінде ресми Астана мен Бухарест арасындағы байланыстар көптеген саланы қамтыды. Осы байланыстарымызды мығымдауға біріккен жобалар жасауға дайынбыз.
Люминица Одобеску, Румыния сыртқы істер министрі:
- Біз бүгін елдеріміз арасындағы саяси және дипломатиялық диалогтың қазіргі жағдайын қарастырдық. Екі жақты өзара іс-қимылымызға жақсы деген баға бердік. Біз осы оң серпінді сақтауға және көлік пен энергетика сияқты маңызды салалардағы ынтымақтастығымызды тереңдетуге келістік.
Екі ел сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге мүдделі. Әсіресе ауылшаруашылығы мен денсаулық сақтау,мұнай-химия, атом энергетикасы, металлургия және машина жасау саласында мүмкіндік мол. Бір ғана мысал, Қазақстанның ұлттық мұнай компаниясы Румынияда табысты жұмыс атқарып жатыр.
Сондай-ақ тараптар Қазақстанның Ақтау теңіз порты мен Румынияның Констанца портының өзара байланысына тоқталды. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудағы ынтымақтастық бойынша келісті.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер- министрдің орынбасары, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Бұл жоба ең тиімді және сенімді трансконтиненталдық бағыт ретінде Еуроодақ пен Еуропалық қайта құру және даму банкі және біздің азиялық серіктестеріміздің қолдауларын алды. Орта дәліздің әлеуетін кеңейту және біздің логистика мен инфрақұрылымымызды біріктіру Қазақстан мен Румыния халқының мүдделеріне барынша қызмет етеді.
Люминица Одобеску, Румыния Сыртқы істер министрі:
- Қазақстанның еуропалық энергетикалық қауіпсіздікке қосқан үлесі зор. Көлік дәлізі бойынша мүмкіндіктері мол. Біз Орта дәлізді дамытуды жеделдетуге дайын екенімізді растадық. Ол Еуропа мен Азия арасындағы Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия арқылы тауарлар мен қызметтердің ағынын арттырып, Қара және Каспий теңізіндегі порттарымызды Шығыс пен Батыс арасындағы маңызды тораптарға айналдырады.
Әріптестер мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін де талқылады. Атап айтқанда, екі елдің сыртқы істер министрлері білім, ғылым және мәдениет салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға келісті. Келіссөздер нәтижесінде екі жақтың сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдеме жасады. Сондай-ақ сыртқы саяси зерттеу институттары мен дамуға көмек көрсету жөніндегі ресми агенттіктер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандумдарға қол қойылды.
Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов