Қазақстан Тәуелсіздігіне 32 жыл
Тәуелсіздік бәрінен қымбат! 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.
Содан бергі 32 жыл ішінде еліміз өзгемен терезесі тең, белгіленген шекарасы бар, нарықтық экономикасы бар, өсіп келе жатқан халқы бар, әлемге бейбіт есік ашқан мемлекетке айналды.
Мемлекеттің қалыптасуында елдіктің туын көтерген, Тәуелсіздік туралы Заңның орны ерек. Бұл құжат Қазақстанның елдігін қайтарып, еңсесін тіктеді, - дейді ғалымдар.
Ал 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы егемендіктің бастауы болды.
Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет. Ол өз территориясында өкімет билігін толық иеленедi, өзiнiң iшкi және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргiзедi. Конституциялық заңның 1-ші бабы бабаларымыздың ғасырлар бойғы арман-тілегін айшықтап тұр. Тарихшы Сәбит Шілдебай қазақ мемлекеттілігі бірнеше кезеңнен тұрады дейді.
Сәбит Шілдебай, «Орталық мемлекеттік архив» РМК директоры:
- Ең бірінші Үйсін, Қаңлы кезеңі, одан кейін Сақ кезеңі, бері келе Түркі кезеңі бар. Содан Алтын Орда кезеңі дейміз. Одан кейін Қазақ хандығы құрылды. 1920 жылы қазанда құрылған Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы біздің қазақ мемлекеттілігінің республикалық кезеңінің бастауы болды. Қазақ халқы белгілі бір уақыттарда өзінің мемлекеттілігін жоғалтып алғаны болмаса, біздің ата-бабамыздан бері қарай мемлекеттік кезең, мынау мемлекетті басқару дәстүрі ешқашан үзілмеген.
Қоғам қайраткері, жазушы-журналист Марат Тоқашбаев тәуелсіздік бәрінен қымбат дейді. Егемендік дүниежүзіне шашылған қазақ халқының басын қосуға мүмкіндік бергенін айтады.
Марат Тоқашбаев, жазушы:
- Тәуелсіздікті біз аңсай күттік. Тек қана Қазақстандағы халық, Қазақстандағы ғана қазақтар емес, шет елдердердегі қазақтардың өзі айырықша үлкен сағынышпен күтіп отырды. Қазақстан қашан өзінің бағымсыздығын жариялайды, - деп айтатын олар.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданғаннан кейін 2 айдың ішінде еліміздің егемендігін 100-ден аса мемлекет мойындады. Ал 1992 жылы наурызда Қазақстан БҰҰ мүшесі атанды.
Сәбит Шілдебай, «Орталық мемлекеттік архив» РМК директоры:
- Тәуелсіздік туралы заңдағы 15-бапта «ұлттық мемлекет» деген ұғым бар. Бұл – аса қасиетті ұғым. Біз тәуелсіз елдің ұланы екенін әрбір мектеп оқушысы, жас ұрпақ сезініп отыратындай сондай игі дәстүрлерді қалыптастыру жөн деп есептеймін.
Бұл заң Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациямен бірге Республиканың жаңа Конституциясын дайындауға негіз болды. Тәуелсіздік күнінің мәні мен тарихын мектеп оқушысынан бастап 20 миллион халық жетік білуі керек, - дейді зерттеушілер.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов.