Қазақстан 2024 жылдың «ТМД-да волонтерлік қозғалыс жылы» жариялануын құптайды

Қазақстан 2024 жылдың «ТМД елдерінде волонтерлік қозғалыс жылы» деп жариялануын құптайды.

Бұл туралы ТМД үкімет басшылары кеңесінің отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов жария етті. Мәскеуде өткен жиында мәдени-гуманитарлық саладағы серіктестікті нығайту басты тақырыптың бірі болды. Бұл ретте Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі одақ құруды ұсынды. Сонымен қоса Әлихан Смайылов халықаралық көрме-форумға да қатысты. Онда премьер-министрге Қазақстан мен Ресей арасындағы ортақ жобалар таныстырылды. Арасында жүк көтергіш жабдық, ауыл шаруашылығы техникасы, су және газ құбырлары мен дәрі-дәрмек өндірісі де бар.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Біз интеграциялық байланыстарды тереңдету және оны жаңа практикалық мазмұнмен толықтыру үшін ТМД алаңында одан әрі бірлесіп жұмыс істеуге мүдделіміз. Мемлекет басшылары кеңесінің өткен отырысында Қазақстан Президенті Қасымжомарт Тоқаев ұсынған басымдықтар ТМД форматындағы өзара іс-қимылды жандандыруға бағытталған. Алдағы жылы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарының бірі мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту бойынша ынтымақтастық, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру және спорт салаларындағы өзара іс-қимыл болмақ.