Мәскеуде ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтті
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Парламент делегациясы Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы кеңесінің отырысына қатысты.
Ерлан Қошанов өз сөзінде Қазақстанның 2024 жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымында төрағалығы кезеңіндегі басымдықтары жайлы айтты. Сонымен қатар төтенше жағдайлардың, киберқылмыстың алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі практикалық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылады. Ерлан Қошанов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясының ұйымға мүше мемлекеттердің мүдделерін ескере отырып, ұлттық заңнамасын дамыту мен үйлестіруге қосқан үлесін атап өтті. Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы қатысушы елдердің парламенттері арасындағы тиімді ынтымақтастықтың айқын мысалы ретінде Парламенттік Ассамблеяның тұрақты комиссияларының қызметіне тоқталды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Өздеріңізге белгілі, 2024 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымына төрағалықты қабылдайды. Минскіде өткен Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің қарашадағы сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан төрағалығының басым бағыттарын атап өтті. Қазақстанның төрағалығы кезеңінде бірлескен күш-жігермен және ҰҚШҰ мен оның Парламенттік Ассамблеясының жұмыс органдарының сараптамалық қолдауының арқасында біз ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайту ісінде жемісті жұмыс істейтінімізге сенімдімін.