Президент шет мемлекеттерге 19 рет сапар жасаған
Биыл ел президенті 265 халықаралық іс-шараға қатысты. 19 мәрте шетелге сапарлап, өзге мемлекет басшыларымен 30 рет, үкімет басшыларымен және халықаралық ұйым жетекшілерімен 100-ден аса кездесу өткізді.
Бұл жайында мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли баяндады.
Теңгерімді және конструктивті сыртқы саясат еліміз ұстанатын басты бағыт. Ұлттық мүддені қорғау, аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті сақтау мәселесі биыл да басты назарда болды.
Осы сапарлар аясында еліміздің халықаралық беделін одан әрі арттыру мақсатында маңызды шешімдер қабылданды. Мысалы, Солтүстік Македонияда Қазақстан елшілігін ашу, Сиань, Екатеринбург, Гамбург қалаларында еліміздің Бас консулдығын ашу туралы шешімдер қабылданды.
Президенттің баспасөз хатшысы жалпы еліміздің сыртқы саясатына қатысты жұмыстар өте белсенді жүргізілгенін жеткізді.