Президент ЖЕЭК отырысында бірқатар салмақты ұсыныс айтты
Еуразиялық экономикалық одақ елдері 2045 жылға дейінгі даму декларациясына қол қойды.
Ұзақ мерзімді стратегиялық құжатқа-- бестік басшыларының ұсыныстары енгізілген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Петербургта өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырсына қатысып, бірқатар салмақты ұсыныс айтты.
Инфляциялық қысым, көлік-логистикалық тізбектің трансформациясы, аймақтардағы кикілжің мен санкциялар салқыны жаһандық экономикаға кері әсерін тигізбей қоймады. Биылғы жыл да Еуразиялық экономикалық Одақ үшін оңайға түспеді. Дегенмен, одақтың мақсаты да сол – күш біріктіре отырып, осындай қатерлерге төтеп беру. Президент оның әу бастағы мақсат-міндетін еске түсіріп, дәл осы бағыттағы ықпалдастықты нығайту қажеттігін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев, «Одақ елдері онлайн сауданың теңқұқылы жүйесін дамытуға тиіс» деген пікірін де білдірді. Былтыр электронды сауда нарығының жалпы көлемі 80 млрд АҚШ долларын құраған еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Алдағы уақытта бұл көрсеткіш екі есе артуы мүмкін және бұнымен шектелмейді. Сондықтан кедендік процедураларды жетілдіріп, онлайн сауданың тиімді әрі теңқұқылы экожүйесін қалыптастыруға барынша күш салуымыз қажет.
Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттер әлемнің 600 млн халқын азықпен қамти алады. Алайда санкция салдарынан азық-түлікті сыртқа емін-еркін экспорттау мүмкін болмай жатыр, деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Азық-түлікті жеткізуде қазіргі геосаяси ахуал мен санкциялар кедергі келтіріп тұр. Оның зардабын азыққа мұқтаж елдер тартып отыр. Сарапшылардың пайымынша, Еуразиялық экономикалық елдердің потенциалы 600 млн халықты азық-түлікпен қамтуға жетеді. Сондықтан бәсекеге қабілетті, экологиялық таза және экспортқа бағдарланған, озық халықаралық стандарттарға сай өнім шығару мақсатында тығыз кооперациялық байланыстарды жолға қою басым бағыттарымыздың біріне айналуы керек».
Сондай-ақ агрологистика және өнім сақтау жүйесін дамытып, ауыл шаруашылығы саласына цифрлық шешімдерді енгізуде күш біріктіру маңызды, деді мемлекет басшысы. Бұл ретте бірлескен агроинновациялық орталықтар құрып, жобаларды коммерцияландыруды пысықтаған жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласындағы атқарылып жатқан жобаларға кеңінен тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қазақстан еуразиялық экономикалық одақтың байланысын нығайтып, көлік-логистикалық қаңқасын бекітумен айналысып келеді. Бүгінде Қытайдың Сиянь қаласы мен Грузияның Поти портындағы халықаралық терминалдардың құрылысын аяқтап жатырмыз. Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан мен Каспий теңізіндегі бес көлік логистикалық хабты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қысқа мерзімді жоспарымызда 1300 шақырым жаңа темір жол, Бақты және Қалжат құрғақ порттары мен Ирандағы Бендабарас портының құрылысы бар. Одақ елдерін өзара тиімді жобаларға, оның ішінде ірі желілер, логистикалық орталықтар мен пошта хабтарының құрылысына қатысуға шақырамыз.
Бес елдің басшысы кеңескен жиын жемісті өтті. Айтылған ұсыныстар евразиялық одақтың даму стратегиясына енгізілді. Бестік басшылары экономикалық одақтық 2030, тіпті 2045 жылға дейінгі даму декларациясына қол қойды. Иранмен арадағы Еркін сауда аумағын құру туралы ресми келісім жасалды.
Андрей Слепнев, Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда жөніндегі министрі:
«Иранмен бұған дейін уақытша келісім болған. Бірақ ол тасымалданатын тауарлардың аз бөлігін қамтитын. Иран үлкен нарық, сондықтан ресми бекітілген бұл келісім арадағы көрсеткіштерді еселеп арттырады деп сенеміз. Оның ішінде қазақстандық өнімдерді, ең алдымен бидай мен арпаны жеткізу үшін елеулі перспективаларды көріп отырмыз. Металл, химиялық өнімдер бойынша Қазақстанның мүмкіндіктері орасан, Иранның инфрақұрылымын дамытуға қатысты ауқымды жоспарларды ескерсек әрине бұл экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге барынша тиімді болмақ».
Санкт-Петербургке іс-сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдерінің бейресми кездесуіне қатысты. Жиында ТМД елдерінің көшбасшылары Ұйым қызметінің бағыттарын, ынтымақтастықты нығайту және одан әрі дамыту жоспарын талқылады. Сондай-ақ ТМД аясындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелері қаузалды. Іскери байланыстан бөлек, мәдени қатынасқа да мән берілді. Жаңа жыл қарсаңында ұйымдастырылған саммит аясында мемлекет басшылары Ресейдің мәдени астанасының бай мұрасын тамашалады.
Бақыт Топтаева