Қ. Тоқаев пен Рим Папасы не жайлы әңгімелесті?

www.akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Италияға ресми сапары аясында Ватиканда Рим Папасы Францискпен кездесті, деп хабарлайды 24KZ.

Жүздесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Понтификтің «Қалаға және әлемге» атты дәстүрлі Жолдауындағы бастамаларын толық қолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар Қазақстан алдағы уақытта да толеранттылық, үйлесімділік, бауырластық идеяларын дәріптеу ісінде ынтымақтастықты арттыруды жалғастырады.

Ватикан. Алаңда швейцариялық гвардияның Құрмет қарауылы сап түзеп тұр. Бүгін мұнда алғаш рет ресми сапармен Қазақстан Президенті келді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Рим Папасымен Астанада кездескен болатын. Онда Католик шіркеуінің Понтификі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне арнайы келген. Ал бүгін қазақ басшысы Рим Папасы Францисктің шақыруымен Қасиетті Таққа ресми сапарын жасады. Кездесу барысында Президент әлемдегі адамзаттың игілігі жолындағы қажымас қайраты мен қажырлы күш-жігері үшін Рим Папасына ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Сіздің дүниежүзі халқына бейбітшілік тілеген дұғаларыңыз мыңдаған католиктің ғана емес, басқа діндерді ұстанатын көптеген отандастарымыздың жүрегінен орын алып, саналарына сенім мен үміт ұялатты. Бүгінде өркениеттер тоғысында орналасқан көпұлтты және көпконфессиялы Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі католик қауымының өз үйіне айналды.

Қазір Қазақстанда ауқымды түбегейлі реформалар жүзеге асырылып жатыр. Еліміз Әділетті Қазақстанды құру жолында келеді. Осы ретте Президент республикадағы барлық дін өкілдері бұл бағытта елеулі үлес қосып жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз «бірлігіміз әралуандықта» қағидатына негізделген бейбітшілік пен ұлттық диалогтың өзімізге тән моделін қалыптастыра алдық. Елімізде түрлі діннің өкілдері өздерінің ғибадатханаларында құлшылық ете алады. Діни сенім бостандығы құқығын қорғау – менің саяси бағдарымның ажырамас бөлігі.

Қазір әлемдегі ахуал мың құбылып тұр. Жаһандық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Ал осы Қасиетті Тақ араздасқан жандарды талай рет татуластырғаны тарихтан мәлім. Рим Папасы Франциск те «Қалаға және әлемге» атты дәстүрлі Жолдауын жолдаған. Бүгін Президент соны еске сала отырып, оның «Бейбітшілік – ең алдымен Құдайдың сыйы. Бірақ бұл – бәрімізге жүктелген үлкен жауапкершілік» деген сөздерін толық қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы әлемдегі текетірестер мен алауыздық ошақтарын тоқтатуға бағытталған белсенді күш-жігері үшін Рим Папасы Францискке ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Шын мәнінде, қазіргі геосаяси тұрақсыздық бүкіл жаһандық қауіпсіздік архитектурасына нұқсан келтіріп жатыр, сондай-ақ халықтарды үлкен қайғы-қасіретке ұшыратып, экономикалық қиындықтар тудырып отыр. Қазақстан ізгілікті жақтайтын мемлекет ретінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға іс жүзінде елеулі үлес қосып отыр. Біз әлемнің түрлі қақтығыс ошақтарындағы БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына атсалысамыз.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы мазмұнды кездесу үшін Рим Папасына алғыс айтты. Қазақстан алдағы уақытта толеранттылық, үйлесімділік, бауырластық идеяларын дәріптеу ісінде Қасиетті Тақпен ынтымақтастық жасауға ниетті екеніне тоқталды. Өз кезегінде Понтифик бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету ісіндегі күш-жігері үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Сондай-ақ Ватиканда Мемлекет басшысы Қасиетті Тақтың мемлекеттермен байланыс жөніндегі Хатшысы Пол Ричард Галлахермен кездесті. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ватиканның дәйекті қолдауының арқасында Қазақстан өткізіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері діни қауымдар арасында өзара түсіністік пен құрметті нығайтатын маңызды алаңға айналғандығын айтты. Кездесу соңында Президент Қасиетті Тақтың басшылығын Астанада өтетін кезекті съезге қатысуға шақырды.

Авторлары: Риат Шони, Ерлан Наурызбаев, Бахытбек Нұртаев және Алмас Омарғалиев.