Әлихан Смайылов Алматыда Михаил Мишустинмен кездесті
Ресей Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі.
Бұған былтыр 11 айдағы жалпы көлемі 24 млрд доллар болған сауда айналымы дәлел. Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы қарсаңында бүгін қос елдің үкімет басшылары кездесіп, келіссөз жүргізді. Тараптар түрлі салалардағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қазақстан өңіраралық және шекаралық ынтымақтастықты дамытуға баса мән береді. Бұл бағытта өңіраралық ынтымақтастық форумы тиімді алаң болмақ. Ал Михаил Мишустин қонақжайлылық үшін алғысын білдіріп, Ресей Қазақстанмен өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға басымдық беретінін атап өтті.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Биылғы жылы түрлі деңгейдегі өзара байланыстар мен бірлескен іс-шаралар көп болатынына сенімдімін. Қазақстан Үкіметі барлық сала бойынша толық форматты және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға дайын.
Михаил Мишустин, РФ Үкіметінің Төрағасы:
- Біз өнеркәсіп, машина жасау, энергетика, мұнай-химия, көлік инфрақұрылымы, цифрлық экономика мен өзге де салаларда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Жаңа өндірістік тізбектер құрылысын жеделдетуді ұсынып отырмыз. Бұған Ресей мен Қазақстанның экономикалық, өндірістік және технологиялық әлеуеттерінің бірін-бірі толықтыруы жақсы негіз болып табылады.