Катардағы мұражайда мұрағат туралы қазақ тілінде білуге болады
Қатардың ұлттық мұражайына барғандар ондағы мұрағаттар туралы қазақ тілінде мағлұмат ала алады.
Бұл қызмет өткен жылы іске қосылды. Сондай-ақ былтыр екі елдің ғылым және жоғарғы білім министрлері кездесіп, университеттер араcына әріптестік орнаған. Қазақстан мен Катар арасындағы рухани саладағы оң бастамалар жасала береді. Өйткені екі елге ортақ құндылықтар, мәдениетке мәйек болар негіз бар.
Мәдени мұра мен тарих ұлттың болмысын қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отыр. Қазақстан мен Катар өткен мен бүгіннің байланысын нығайтып, болашақтың негізі болар рухани да мәдени құндылықтарға баса мән беріп келеді. Ұрпақтан ұрпаққа жеткен салт-дәстүр, мәдениет, әдет-ғұрыптағы ұқсастықтардың түпнегізі осында.
Ариан Хади, ағаш шебері:
- Міне қараңыз, мен қазір доу қайығының негізін қашап жатырмын. Бұл әрине кәдесый, бірақ қолдан жасалған бұйым. Ағашпен жұмыс істеуді маған кезінде әкем үйретті. Жиырма жылдан бері осы кәсіпті жалғастырып келемін. Бұл жерде аталарымыз жинаған жәдігерлер бар.
Ариан шебердің қолынан шыққан бұйымдар арасынан берен мылтық, сырланған сандық, ескі кебежені көріп тамсандық. Бәдәуилер ұрпағы қолданысқа қолайлы болған жиһазды бүгінгі тұрмысында да жаратады. Катарлық Нема Фарадж болса шәй сатушы. Жәй сатушы емес, ол 75 жылдық тарихы бар ата кәсіпті жалғап отыр.
Нема Фарадж, Доха тұрғыны:
– Мен бұл дәстүрді мақтан тұтамын. Атамнан менің балама жететін кәсіп. Осы жерде отырсам да көп елмен таныспын. Сіздің елді жақсы білемін. Қазақтар катарлықтар сияқты сүтті шайды жақсы көреді.
Қонағына құрметі зор қазақы қонақжайлылық катарлық жұртқа да тән қасиет. Жылы шырай танытып, жомарт дастархан жаю қатар халқы үшін ізгі дәстүр саналады.
Дәмет Қалмұрзаева, қазақстандық турист:
- Қонақжайлылығы да бізге ұқсайды екен, өте тамаша, керемет. Шымкент қаласынан келдік. Немеремізбен осы Доха қаласына демалуға келдік. Өте ұнады. Елмен араласқан жақсы, инвестиция саламын десе тіпті жақсы. Президентіміздің келіп, араласуына мен өте ырзамын. Әр елдің мәдениетімен танысамыз. Осындай елмен қатынас жасаймыз.
Қазақстан мен Катар әртүрлі мәдениет, әр алуан дін мен дәстүрді ұстанатын халықтарды үйлестіре алған ел. Осылайша әлемге толеранттылық құндылықтарын паш ететін екі тарап өзара түсіністікті һәм мәдени әріптестікті тереңдете түспек.
Бибігүл Нысанбаева, Ералы Төлеуіш