Мәжіліс Төрағасының Мәскеуге сапары
Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов ресми сапармен Ресейге барды.
Қазақстандық депутаттар делегациясы Мәскеуде Федералдық Жиналыс Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володинмен және Федералдық Жиналыс Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесулер өткізді. Ерлан Қошанов Ресей еліміз үшін әрдайым сенімді одақтас, стратегиялық әріптес әрі тату көрші екенін және солай болып қала беретінін айтты. Мәжіліс Мемлекеттік Думамен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға зор мән беріп келеді. Бүгінде екіжақты тауар айналымының 70 пайызы өңіраралық және шекаралық саудаға тиесілі. Сондықтан, тараптар сауда қатынастарын кеңейту мен өндірістік кооперацияны нығайту үшін әлеует зор екенін атап өтті.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Елдеріміз арасында өзіңіз атап өткендей, сенімді саяси диалог жолға қойылған. Тығыз экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс орнап, берік шарттық-құқықтық база қалыптасқан. Осы жылдар ішінде 600-ден астам құжатқа қол қойылды. Жыл өткен сайын бұл қарым-қатынастар тек нығайып келеді. Көшбасшыларымыз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин оларды дамудың жаңа деңгейіне көтерді.
Мәжіліс төрағасының Ресейге сапары Қазан қаласында жалғасады. Онда Ерлан Қошановтың Татарстан басшысы Рустам Миннихановпен кездесуі жоспарланған.