Корея геологтары Қазақстаннан литийдің ірі кен орнын тапты
Корей геологтары Қазақстанда литийдің ірі кен орнын тапты.
Мамандар оны игеруді жалғастырғысы келеді. Мұны Кореяның геоғылымдар және минералды ресурстар институты (KIGAM) мәлімдеді. Кен орны Шығыс Қазақстанда. Ол жерде бұрын тантал өндірілген. Институт бұл жер қойнауын Қазақстан Үкіметінің сұранысы бойынша зерттеген. KIGAM бұл аймақта құны 15млрд доллардан асатын литий қоры бар деп есептейді. Канадалық агенттік жүргізген талдауға сәйкес, осы аймақта табылған литийдің кейбір түрлерінің құрамы 5,3%-ға жетті. Салыстыратын болсақ, Батыс Австралия шахтасындағы литий мөлшері 2,1% құрайды.
Геологияға жасанды интеллект енгізіледі
Канада, Торонто
Елімізде геология саласына жасанды интеллект енгізіледі. Қазақстанның «Ұлттық геологиялық қызметі» канадалық Koan Analytics Inc компаниясымен меморандумға қол қойды. Компания өнеркәсіпте қызмет ететін ұйымдарға интеграцияланған шешімдерді ұсынады. Олар деректерді түрлендіру, жіктеу, машиналық оқыту модельдерін таңдау және алгоритмдерді әзірлеу бойынша қызмет көрсетеді. Осы сапар асында қазақстандық делегация Финляндияның GTK геологиялық қызметімен де меморандум жасады. Аталмыш кәсіпорын минералды-шикізат қорын талдауға, геологиялық ортаны пайдалану мен қорғаудың тұрақты әдістерін жасауға маманданған. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жер қойнауын пайдалануда 22 келісім бұзылды
2023 жылы жер қойнауын пайдалануда 22 келісім бұзылды. 26 келісімшарт өндіріп алу сатысында. Жер қойнауын пайдаланушылардың атына 12 млрд теңге көлемінде ескерту берілген. Оның үштен бір бөлігі өтелді. Сонымен қатар, өткен жылы 30 кен орны барлау кезеңінен өндіруге ауыстырылды. Ведомство дерегіне сәйкес, онда 115 млн тоннадан астам мұнай, 25 млрд текше метр газ қоры бар.
Геологиялық барлауға қаржы тартылады
Геологиялық барлау жұмыстарына жыл сайын қосымша 200 млрд теңге тарту жоспарланған. Былтыр саланы инвестициялауды ынталандыратын нормалар қабылданды. Соның бірі сарқылатын кен орындарын одан әрі игеруді қамтиды. Осы арқылы 2045 жылға қарай мұнай өндіруді 60 млн тоннаға дейін ұлғайтпақ. Қазақстанда барлығы 8 мыңдай кен орны тіркелген. Онда пайдалы қазбалардың 100-ден астам түрі бар.