Павлодар облысында депутаттар жаңа форматта жұмыс істеп жатыр
Павлодар облысында мәслихат депутаттары жаңа форматта жұмыс істеп жатыр.
Депутаттық корпусты жаңғырту нәтижесінде халықтан түсетін өтініш-шағымдар тез қаралады. Ал жергілікті өзін өзі басқару ұйымдары мен халық арасында ынтымақтастық орнаған. Сөйтіп, кезек күттірмейтін әлеуметтік мәселелер оңай шешімін табуда.
Павлодар облыстық мәслихатының сегізінші шақырылым депутаттары жұмысты толық қайта қарап шықты. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депуттары бірлесіп, қоғамдық қабылдаулар өткізбек. Жұмыла кіріскен жұмыстың бұл үлгісі тұрғындардан түскен сауалдарға жедел жауап беруге мүмкіндік береді.
Асылбек Туғанбай, облыстық мәслихат депутаты:
- Пилоттық жоба ретінде бір округте жалпы қоғамдық қабылдау жүргізіп, осы округтің мәселелерін әрбір деңгейде талқылауды қолға алдық. Ол дегеніміз мысалы округтің әр сұрағы әрбір деңгейде қалалық, облыстық, мәжілістік депутатта қайта - қайта қаралмауына одан кейін барлық қалалық деңгейдегі сұрақтың облыстық немесе мәжілістік деңгейінде тезірек шешілуіне ыңғайлы болады.
Мәслихат аппаратында алғаш рет азаматтармен жұмыс жөніндегі сектор құрылды. Әр жұма сайын депутаттар сайлаушылармен өзекті мәселелерді талқыға салады. Мұндай кездесулер халықтың депутаттық корпусқа деген сенімін нығайтады, дейді халық қалаулылары. Сонымен қатар депутаттардың байланыс деректері бар жеке карталары мобильді қосымшаларға енгізілген.
Илья Теренченко, облыстық мәслихат төрағасы:
- Мобильді қосымшалардың арқасында біз депутаттық сауалдарға дер кезінде жауап береміз және оларды қарау мерзімі де қысқарады. Бұл жерде Павлодар облысы бойынша депутаттардың алға озғанын айту керек. Біз уақытты үнемдейміз әрі өтініш иесіне қолымыздан келгенше кеңес береміз.
Жаңғырту барысында екі депутаттық топ құрылған. Олардың бірі «Еңбек» тобы. Жұмысшылардың құқығын қорғаумен айналысады. Бұл әсіресе ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін өзекті.
Раушан Дауымова, облыстық мәслихат депутаты:
- Ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдармен кездесулерді жиі өткіземіз. Олардың құқықтары қалай қорғалып жатыр? Жұмыс беруші тарапынан өмір сүру деңгейін жақсартуға қандай тиімді жағдайлар қарастырылады? Қандай жеңілдіктермен өмір сүруі тиіс. Біз осы жағына баса мән береміз.
Жұмыстың жаңа тәсілі депутаттық корпустың әлеуметтік желідегі белсенділігін арттырды. Аудиторияны қамту деңгейі бүгінде 500 процентке көбейді. Сонымен қатар жас саясаткерлер клубы мен Ақсақалдар кеңесі құрылды.
Илья Мухортов, облыстық мәслихат депутаты:
- Біз назар аударып отырған ең өзекте мәселе ол жасанды есірткі заттары. Бұл бағытта атқарылатын жұмыс ауқымы кең. Есірткіге елтіген жастар көп. Олар таратып қана қомай дәмін де татып жүр. Біз жастарды жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз. Болашаққа дұрыс таңдау жасауға үндейміз.
Павлодарлық депутаттардың тәжірибесіне Қостанай мен Шығыс-Қазақстан облысындағы әріптестері қызығушылық танытқан. Өйткені жалпыға ортақ жағдайлар әр өңірге тән.
Саят Елғонденов, облыстық мәслихат депутаты:
- Негізінен депутаттарымыз Мәжіліс және Сенат депутаттарымен тығыз байланыста. Әртүрлі саладағы сұрақтарды біз жеткіземіз. Оның ішінде денсаулық сақтау мәселелері, ауылшаруашылық яғни тұрғындарды алаңдататын мәселерді көтереміз.
Былтыр Илья Теренченко үздік мәслихат төрағасы атанды. Тәжірибелі маман қысқа мерзімде облыстық мәслихаттың жұмысын оң жолға қойып үлгерді.
Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков