«Арабтар кеден заңын көп бұзатын»
Ойрат Өрекенев 1927 жылы дүниеге келген. Қазақтан шыққан алғашқы чекистердің бірі. Қазақстанда кеден қызметін қолымен құрған ардагер.
Кезінде «Хабар» арнасының майталмандары «Ел ағалары» деген бағдарлама жасаған. Қазақ журналистикасының білгірі, қаламы қарымды журналист Қайнар Олжайдың бастамасымен көрерменге жол тартқан бұл бағдарлама ел тарихындағы ерекше жандарды түгендеді. Солардың бірі – Ойрат Өрекенев. 2005 жылы Ойрат Өрекенев өмірден өтерден бұрын таспаға түсіріп алудың сәті келген. Бағдарламаның редакторы әйгілі Бейбіт Құсанбек.
Ойрат Өрекенев Алматыда алғаш кеден қызметі құрылғанда соны басқаруға келді.
Ол тұста Қонаев табандылық танытты. Орталықтан келетін біреуді қабылдамай, қазақ азаматын іздеттіреді. Ақыры шекарадан жиі өтіп жүрген тәжірибесі бар, әрі контрабанда дегеннің не екенін білетін Өрекеневке таңдау түседі. Дінмұхамед Ахметұлы өзі қабылдап, бірер минутта мәселені шешкен.
Кеден қызметін толық жолға қою керек еді. Алдымен кадрлар жиналды. Оларды баулу үшін бір-екі айға КСРО-ның Брест, Одесса, Шереметьова кедендерінен мамандар шақырылды. Өзі енді қалыптасып жатқан Алматы кедені ол кездегі Қырғызстан үшін де жауап берді. Ал ондағы Ұшқыштар ущилищесінде араб мемлекеттерінің өкілдері көп оқитын. Олар – шейхтардың балалары еді. Кеден заңдарын жиі бұзып жататын.
Қауіпсіздік комитетінің жұмыскері болғансын өзім де контрабанда дегенді білемін. Сондықтан мамандарды үйретуге өзім де көмектестім. Сонымен Қазақстанның бюджетіне түсім түсе бастады. Содан кейін біздің Алматының кеденіне анау Қырғызстанды қоса берді. Онда бір әуе институты бар еді. Сол жерде араб мемлекеттері ұшқыштарды дайындайтын. Көбі үлкен басшылардың балалары еді. Қалтасы толған ақша. Контрабанда. Ол кезде станция Бішкек деп аталатын. Сол станцияның қасында бірнеше істі аштық. Сол араб елдерінің – Сирия, Ливия, т.б. қатарлы елдердің әскери аттешелері араласатын. Сонда бір өте жоғары лауазымды адамның баласы оқыды. Әкесі Мәскеуде Бас штаб академиясын (РФ Қарулы күштері бас штабының Әскери академиясы – ред.) бітірген. Баласын Фрунзеге ұшқыштар мектебіне берген. Солармен бір-екі адамды сол Бішкекте ұстадым – дейді қария.
Өзі талапшыл, өз қызметіне адал Өрекенев қызметкерлерінен де соны талап етті. Кеңес одағы тұсында Қазақстанда кеденші пара алды деген факт кездескен емес. Ол – Өрекеневтің тазалығының бірден-бір дәлелі. Соңынан ерген шәкірттерінен заңның орындалуын талап етумен қатар, алғашқы кеден посттарын салдырды. Оларға жағдай жасады. Өзі талай өткен Қорғас кеденінің кеңейтілуі Өрекеневтің тұсында жүзеге асты дейді байырғы кеденшілер.
Сол қызметкерінің бірі – Шәкен Ысқақовтың өзі ардагерге айналыпты. Қазір Қорғастағы кеден ардагерлері ұйымын басқарады. Ойрат ағасымен бірге ортаға салар ойлары көп.
Ойрат ақсақал Мемлекет қызметінде жүріп дүние-мүлік жиған емес. Ұрпағы да байлықты мұрат тұтпаған. Барлық мұрат – мемлекет пен ғылымға қызмет ету. «Біз сондай әулетпіз» - дейді зайыбы Раиса Ахметқызы.
Отбасымыз жақсы. Айналамызға қараймыз, елдің бәрі не ішем, не кием демейді. Біз кіріс-шығысымызға қараймыз. Бірақ мен ризамын! Ойрекеңмен бірге тұрып жатқаныма 52 жыл болды – дейді Раиса Ахметқызы.
Ойрат Өрекенев 1927 жылы дүниеге келіп, 2005 жылы өмірден өтті.