Президент Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында бірқатар тапсырма берді
Қазақстан Мәскеудегі террористік актіні қатаң айыптайды.
Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев терроризммен күрес мәселесінде Ресеймен бірге екендігін айтты. Жиында әкімдіктер мен құқық қорғау органдары экстремалды жағдайда қалай үйлесе әрекет ету керектігі талқыланды.
Қазақстан Мәскеудегі террористік актіні қатаң айыптайды. Мемлекет басшысы көрші елде болған жан түршігерлік оқиғаға қатысты осындай мәлімдеме жасады. Бүгін қазақстандықтар да Ресей елшілігіне гүл шоқтарын әкеліп, қайғыға ортақтасты. Әлеуметтік желілерде де жылы лебіздерін білдіріп, қолдау көрсетті. Лаңкестік әрекет кезінде азаматтардың қаза табуына байланысты көрші ел басшылығына да Қазақстан алғашқылардың бірі болып көңіл айтып, қажет болған жағдайда біздің құқық қорғау органдары ресейлік әріптестеріне көмек көрсететіндігін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан Мәскеудегі бейбіт азаматтарға қарсы террористік актіні қатаң айыптайды. Терроризмді мүлде ақтауға болмайды. Мен БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді жазықсыз азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықтың бұл түріне бірауыздан қарсылық танытуға шақырамын.
Бүгін Президент Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, терроризмге қарсы күрес мақсатында өзге елдермен және халықаралық ұйымдармен әріптестікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жүктеді.
Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Әлемдік геосаяси дағдарыстар жүріп жатыр. Оның сыртында әлемдік терроризм, экстремизм мәселелері бар. Әлемдік миграциялық дағдарыстар жүріп жатыр, бір мемлекеттен бір мемлекетке көшу. Ақпараттық соғыстар жүріп жатыр. Әртүрлі індеттер болып жатыр. Осының ішіндегі БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының сессиясында бекітілген осы экстремизм мен терроризмген қарсы БҰҰ-ның қағидасы бар. Соған байланысты Мемлекет басшысы бәріне тапсырма берді.
Бұндай лаңкестік шабуылға ешқандай ақтау жоқ. Заңға қайшы кез келген әрекет, арандатушылардың арам пиғылы қатаң түрде кесілетін болады. Бұл жөнінде Қасым-Жомарт Тоқаев талайдан қайталап айтып келеді. Заң және тәртіп – бұл маңызды құндылық. Заң алдында бәрі бірдей, бұл баршаға ортақ мызғымас қағида екендігін Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында да қадап айтты.
Талғат Қалиев, саясаттанушы:
- Осы оқиғадан біз де бірталай сабақ алуымыз керек. Өзі Президент жақында ғана құрылтайда да айтқан еді. Экстремистік, деструктивті, діни ағымдарға қарсылық жасау керек. Өйткені олар біздің дәстүрге де жатпайды. Біздің өзі ХII ғасырдан келе жатқан діни дәстүрлеріміз бар. Киімінен бастап, ар жағында жасайтын істері, тәртібі де бізде ерекше еді. Сондықтан сол мәдениетті ұстану керек.
Қазақстанның саяси ұстанымы әу бастан белгілі. Еліміз қиын кезде өзінің стратегиялық әріптесі әрі көршісіне жан-жақты қолдау мен көмек көрсетеді. Себебі бейбітшілікті сүйген еліміз әділдік пен тәртіп жолында.
Авторы: Риат Шони.