Қазақстандық делегация Парламентаралық Одақтың 148-ші Ассамблеясына қатысты

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы Швейцария Конфедерациясына ресми сапармен барды, деп хабарлайды 24KZ.

Олар Женевада Парламентаралық Одақтың 148-ші Ассамблеясына қатысты. Мәжіліс төрағасы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру жоспарын айтты. Сонымен қатар көлік-логистика ынтымақтастығын дамыту туралы ұсыныс айтып, Қазақстан бүкіл Еуразия құрлығы бойынша трансконтиненталдық тасымалдарды әртараптандыруға басымдық бергенін жеткізді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Президент Қ. Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан орнықты дамуға және бүкіл адамзаттың үйлесімді болашаған қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді. Оған әсіресе соңғы жылдары елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар айқын дәлел. Қазіргі кезде демократиялық ел, Әділетті Қазақстан құру үшін барлық жағдай жасалған. Бұл – бейбітшілік пен өркендеудің кепілі. Қазақстан Парламенті де бұл жұмысқа белсене атсалысып жатыр.

Ассамблея аясында Ерлан Қошанов Парламентаралық Одақтың төрайымы Тулия Аксонмен ұйымның өзара іс-әрекетін нығайту жайын талқылады. Сонымен қатар Египет Араб республикасы Өкілдер палатасының спикері Ханафи Джебалимен және Пәкістан Ислам Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Сардар Садикпен кездесіп, парламентаралық дипломатия бағытындағы ықпалдастық жолдарын пысықтады.