Павлодар облысында сапалы мемлекеттік басқару бір жерден жүргізіледі
Павлодар облыстық әкімдігі жанынан ашылған ахуалдық-талдау орталығында сапалы мемлекеттік басқару бір жерден жүргізіледі.
Яғни, барлық қызмет осы орталықтан басқарылады. Бұл өте тиімді дейді өңірге барған сенаторлар. Сенаттың Қаржы және бюджет комитеті Павлодарда көшпелі отырыс өткізді. Құрамына Ұлттық экономика және Қаржы министрлігінен өкілдер енген арнайы комиссия мүшелері жергілікті депутаттарымен кездесіп, жаңартылған жұмыс үлгісімен танысты. Қазірде өңірлердің бюджеттік дербестігін қалыптастыру мәселесі талқыланып жатыр. Осы орайда, сенаторлар аймақтың бірқатар өндіріс ошағын араламақ. Одан бөлек ауылдарға барып, төртінші деңгейлі бюджеттің орындалу барысымен танысады. Көшпелі отырыс ертең Екібастұзда жалғасады.
Серік Өтешов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Біз өте өзекті мәселемен келіп отырмыз. Парламентте жаңа Бюджет Кодексінің жобасы қаралып жатқанын білесіздер. Ол қазір Мәжілісте, жақын арада Сенатқа келіп түседі. Біз қаржы және бюджет Комитеті ретінде өңірлердің өкілі ретінде алдымызға үлкен міндеттер қойып отырмыз. Өңірлер дербес болуы тиіс, бюджеттің мейлінше толық болғанына мән беруіміз керек.