Сенат төрағасы Рим Папасымен кездесті

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ватикан мен Италия Республикасына жұмыс сапарымен барып, Рим Папасы Францискпен кездесті, деп хабарлайды 24KZ.

Сондай-ақ депутаттардан құралған делегация дінаралық конфессияға қатысты. Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Мәулен Әшімбаев Рим Папасы Францискке ілтипатын білдіріп, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Рим Папасы Франциск Қазақстанның бейбітшілік пен түрлі дін өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі бастамасын қолдайтынын айтты.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі қазіргідей өзекті сын-қатерлер жағдайында дін көшбасшыларының, саясаткерлердің және халықаралық ұйымдардың күш-жігерін ортақ мүддеге жұмылдыруды көздейді. Рухани көшбасшылар жергілікті жерде ғана емес, халықаралық деңгейде де зор ықпалға ие. Олар бірлесіп, климаттың өзгеруі, теңсіздік, экстремизм сияқты проблемаларды шешуге, қақтығыстар мен соғыстарды тоқтатуға айтарлықтай септігін тигізе алады. Планетамыз бен келер ұрпақтың жарқын болашағы жолында жұдырықтай жұмылу біздің ортақ мақсатымыз екені анық.

 

М. Әшімбаев Италияда бірқатар кездесу өткізді

Сапар аясында экология, жаһандық жылыну және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Онда Сенат төрағасы Қазақстан Президенті жасыл экономикаға көшу мәселесіне баса мән беріп отырғанын жеткізді. Одан соң Мәулен Әшімбаев Италияның Сенат төрағасы Иньяцио Ла Руссамен кездесті. Әріптесімен әңгімелесу барысында парламентаралық байланысты одан әрі нығайтудың мәні зор екенін айтты. Иньяцио Ла Русса елде жүргізіліп жатқан демократиялық өзгерістер мен реформаларға қолдау білдірді.