Павлодарда жас саясаткерлер клубы құрылды
Жаңа ұйымның міндеті азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталады, деп хабарлайды 24KZ.
Клубтың алғашқы жиынына Парламент Мәжілісінің депутаты Вера Ким қатысты.
Евгений Миронов – жас кәсіпкер. Өзі туып өскен Железин ауданында 15 мыңдай тұрғын бар. Жас саясаткерлер клубының мүшесі кем дегенде 100 адамды жұмыспен қамтуды қолға алмақ. Ауданда жастардың саны 2 мыңға жуықтайды. Жаңа ұйымның міндеті де сол – азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсарту.
Евгений Миронов, кәсіпкер:
- Менің жеке шаруа қожалығым бар. 20 жылдан астам бос жатқан жерлерді игеріп, егін еге бастадым. Қоймаларды, базаларды қалпына келтірдім. Айналама белсенді жастарды жинап, ауданды көтеруге жұмылдырсам деп ойлаймын.
Ал «Жасыл ел» жастардың еңбек жасағы жаңа маусымды бастап кетті. Қазір олар су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жинап жатыр. Бұл ұйымның құрылғанына биыл 19 жыл.
Гүлнәр Нұрмұханбетова, «Жасыл ел» облыстық штабының командирі:
- Біз жуырда Ақтоғай ауданының Шолақсор ауылына бардық. Су басқан елді мекенде құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Олардың қарапайым тамақ ішуге уақыт таба алмағынан көзбен көрдік. Аз да болса көмек болсын деген мақсатпен тамақ дайындап, апарып тараттық.
Парламент Мәжілісінің депутаты Вера Ким жас саясаткерлер клубының ашылуына қатысты. Халық қалаулысы өңірге көктемгі су тасқынына байланысты атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысуға келіпті.
Вера Ким, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Елімізде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Парламент Мәжілісінің депутаттары төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен бастап өз өңірлеріне аттанып кетті. Олар табиғи апаттың ауқымын ғана емес, қиын жағдайға тап болған адамдарға қолдау көрсету үшін халықпен кездеседі. Мемлекет ешкімді назардан тыс қалдырмайтынын, көмек көрсетілетінін және бәрі бақылауда екенін айтып түсіндіреді.
Павлодар облысында су тасқынынан қауіп жоқ. Төтенше жағдай алынды. Бірақ арқаны кеңге салу әлі ерте. Бұқтырма мен Шүлбі су қоймасынан табиғатты қорғау шараларына су босатылып жатыр. Биыл судың көп мөлшері келеді деп күтіліп отыр. Вера Ким ертең Ақсу қаласымен Кенжекөл ауылына барады. Онда Ертіс өзенінің жағасын бекіту және бөгеттерді көтеру жұмысы қарқын алған.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.