Табиғи ресурстар қауіпсіздігі жөніндегі форум өтті
Еуроодақ, АҚШ пен Қазақстан секілді бірқатар мемлекет "пайдалы қазбалар қауіпсіздігі саласындағы жаһандық әріптестік форумы" басталатынын жариялады.
Бельгияның Лёвен қаласында өткен арнайы кездесуде біздің елдің атынан өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев пен еліміздің Бельгиядағы елшісі Марғұлан Баймұхан қатысты.
Еурокомиссия өкілдерінің айтуынша, аталған форум аса маңызды шикізат материалдары саласындағы ынтымақтастық үшін жаңа платформа болады. Оған табиғи ресурстарға бай елдермен бірге, мұқтаж мемлекеттер де мүшелік етеді.
Валдис Домбровскис, Еурокомиссияның атқарушы вице-президенті:
- Форум аса маңызды шикізат саласындағы жаһандық саясатқа ықпал ететін бірегей платформа болады. Мемлекеттер бірлесіп жұмыс істеу, инвестиция тарту, жеткізу тізбегін әртараптандыру мен шикізатқа бай елдерге жергілікті өндірісті ұлғайтуға көмек көрсету саясатын бірлесіп әзірлейді.
Энтони Блинкен, АҚШ мемлекеттік хатшысы:
- Біздің мақсат – "минералды ресурстар қауіпсіздігі бойынша серіктестік форумы" негізінде табиғи ресурстарды тұтынатын және өндіретін елдермен ынтымақтастық құру. Іс-шараға Украина, Намибия, Қазақстан, Өзбекстан мен басқа да елдердің өкілдері қатысып жатқанын ескере отырып, бұл бастаманың тартымдылығы артып жатқанын байқауға болады. Жалпы, ең біріншіден, осы саладағы стратегиялық жобаларды анықтап, қаржыландырып, оны жүзеге асыруды жеделдету қажет. Екіншіден, әртараптандыру және тұрақты жеткізу тізбегін құру саясатын ілгерілетуіміз керек.