Су тасқыны: шығын өтеле бастады

www.akorda.kz

Қарғынның қаупі әлі сейілмеді. Жақын күндері 5 аймақта су тасқынының екінші толқыны болуы мүмкін.

Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық штабтың отырысын өткізіп, дайындықты пысықтады. Бұған қоса зардап шеккендерге барлық көмек көрсетілуге тиіс екенін айтты. Атқамінерлер өңірлерде ауру-сырқау тарамауын бақылауға алады. Себебі жұрт әлеуметтік желідегі қауесетке сеніп, елеңдеп отыр.

Су тасқыны: шығын өтеле бастады

Республикалық штаб отырысында Президент ахуалдың әлі күрделі екенін айтып, азаматтардың қауіпсіздігіне назар аударды. Зардап шеккендерге материалдық һәм моральдық көмек жан-жақты көрсетіледі. Атқамінерлер олардың шығынын толық өтеп, құжатына дейін түгендеп беруге міндетті. Президент тиісті пәрменін берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен шығынды өтеу үшін тиімді тәсілдер қарастыру туралы нақты тапсырма бердім. Бұл мақсатқа бюджет қаражатымен қатар «Қазақстан халқына» қоры мен ірі бизнес өкілдері бөлген қаржы жұмсалады. Сондай-ақ тағы бір өте маңызды мәселе. Бұл – су басқан аймақтардағы эпидемиологиялық ахуал. Жағдайды қатаң бақылауда ұстау қажет. Көктемгі егіс науқанына да дайындалу керек.

Су басқан аймақтарда заң бұзушылыққа да жол берілмеуі керек. Азық-түлік қауіпсіздігі мен баға да бақылауда болуға тиіс. Қазір Үкімет мүшелері қарғын су басқан өңірлерде жүр. Олар жағдай тұрақталғанша елмен бірге болады. Қамкөңіл болған қарашаға жағымды жаңалығы да бар. Мемлекет зардап шеккен халықтың шығынын өтеуді бастады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Барлық зардап шеккен азаматқа 100 АЕК мөлшерінде біржолғы өтемақы төлеу жоспарланып отыр. Бұл жоғалған жиһаз және басқа да үй ыдыстарының шығынын өтейді. Тұрғын үйінен айырылған азаматтарға жергілікті атқарушы органдар баспана сатып алып немесе салып береді. Қазір Қостанай, Қарағанды, Ақтөбе облыстарының әкімдіктері бұл іске кірісті.

Қостанай облысында 27 отбасы Арқалықтан пәтер таңдады, көшуге дайын. Бұған 405 миллион теңге бөлінді. Қазіргі уақытта барлық өңір шығын құнын бағалап жатыр. Эпидемиологиялық ахуал да бақылауда. Әзірге айтарлықтай қауіп жоқ, – дейді мамандар.

 

Эпидемиологиялық ахуал бақылауда

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Эвакуациялық пунктерде тәулік бойы медициналық бекеттер жұмыс істеп жатыр. Бұл іске 504 медицина қызметкері тартылды. Оның 151-і – дәрігер және 55 психолог бар. Жұқпалы аурулар тараса, қолда бар 8 мың орынға қосымша 3 мың төсек қоса аламыз. Бүгінгі таңда жұқпалы ауруға арналған төсек-орындардың жүктемесі 69%-тен аспайды.

Соңғы күндері әлеуметтік желіде су шайған өңірлерде ауру тарады деген ақпарат желдей есіп жүр. Бұл – жалған. Соған қарамастан Президент бақылауды күшейтіп, тәулік бойы мониторинг жүргізуді тапсырды. Жауаптылар көппәтерлі үйлер мен өзге де нысандарға дезинфекция жасауға міндетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мал қорымдарын су шайғаны жөнінде тараған тексерілмеген хабарламалар алаңдаушылық туғызды. Алайда ақпарат расталмады. Дегенмен эпидемиологиялық жағдайға байланысты барлық мәселелер Денсаулық сақтау министрлігінің жіті бақылауында болуы керек. Премьер-министр де бұған назар аударады деп ойлаймын.

 

Қарғын сумен күрес қарқынды

Қарғын басқан 6 өңірде жағдай тұрақталды. Мұны Мемлекет басшысы айтты. Ал қалған 5 өңірде, атап айтқанда, Атырау, Ақмола Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында су тасқынының екінші толқыны болады деген болжам бар. Осыған байланысты тасқынға қарсы күрес күшейді. Қосымша бөгеттер салынып жатыр.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Мен бүгін Орал қаласына келдім. Атырау өңірі тыңғылықты дайындалып жатыр, көптеген бөгет салынды. Қапшықтан тапшылық жоқ. Бастапқыда техникамен қиындықтар болған, алайды дереу жеткізілді. Барлық жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірінші соққы БҚО-да болады, сондықтан су тасқынына қарсы негізгі күресті осы өңірде пысықтап жатырмыз. Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Павлодар техникаларын жолдады.

Иә, сын сағаттан мүдірмей өтуге құтқарушылар барын салып жатыр. Тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеген мамандардың ерлігінен қалың қараша хабардар. Президент те бұл істі көріп отырғанын айтып, ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмысын көріп отырмын. Қызметкерлер мен құтқарушылар жанқиярлықпен жұмыс істеп жатыр. Оларға менің сәлемімді жеткізіңіз. Алғысымыз шексіз.

Президент тапсырмасымен енді қираған ғимараттарды қайта қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіру үшін жедел топ жасақталады. Ал әкімдер қажетті қаржыны есептеп, жедел штабқа хабарлау керек. Оған қоса тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына нақты уақыт режимінде мониторинг жүргізу міндеті жүктелді. Сондай-ақ жыл соңына дейін су тасқынына қарсы шараларды басқарудың ұзақмерзімді стратегиясын анықтап, тиісті бағдарламалық құжаттарды қабылдау тапсырылды.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ернар Нысанбаев.