Берлинде Қаныш Сәтбаевқа арналған конференция өтті
Германия астанасында қазақтың тұңғыш академигі,
қазақстандық металлогения ғылымының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай конференция өтті.
Жиында шикізат пен өнеркәсіп салаларындағы екіжақты ынтымақтастық талқыланды. Қазақстанның Германиядағы елшісі Нұрлан Онжанов еліміздің мүмкіндіктері мен артықшылықтары жайлы баяндады. Неміс инвесторларын барлау және өңдеу секторында серіктестікті арттыруға шақырды.
Питер Буххольц, Неміс ресурстар агенттігінің басшысы:
- Бұл жиынның басты тақырыбы шикізаттық ынтымақтастық. Экономика, ғылым және саясат өкілдерімен өте қызықты пікіралмасу болды. Біз серіктестікті кеңейтіп, инвестициялық мүмкіндіктерді арттырудың жолдарымен бөлістік. Қазір осы салада әріптестік қарқын алып келеді.
Клаус-Дитер Барбкнехт, "Фрайберг тау-кен академиясы" техникалық университетінің ректоры:
- Кездесуде сіздің елдегі инвестициялық мүмкіндіктер мен жүзеге асырылып жатқан түрлі жобалар жайлы білдік. Әрине Қазақстан үшін шикізатты сату ғана емес, сол жерде қайта өңдеп, шығару маңызды. Біздің академия Қазақстанмен бұрыннан жұмыс істеп келеді. Ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға ниеттіміз.