Араб әлемімен байланыс: Ташкентте министрлер кездесуі өтті
Жаһандық қауіп-қатерлердің үдей түскеніне қарамастан Орталық Азия аймағы тұрақтылығын сақтап, әлеуетін ұтымды пайдаланып келеді, деп хабарлайды 24KZ.
Кейінгі кезде біздің өңір әлем алпауыттарымен ынтымақтастықты жаңа деңгейде көтерді. Ташкентте «Орталық Азия – Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» аясында министрлер кездесуі өтті. Бұл жолғы жиынға Қатар, Бахрейн, Кувейт, Сауд Арабиясы, Оман, Әзербайжан және Орталық Азия елдерінің сыртқы саяси ведомство өкілдері қатысты. Делегаттар саясат, сауда, қауіпсіздік, инвестиция, көлік-логистика және «жасыл» энергетиканы дамыту мәселелерін талқылады. Ауғанстан, Таяу Шығыстағы жағдай, Палестина-Израиль қақтығысы төңірегінде де пікір алмасты.
Әлібек Бақаев, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың тамыры терең. Сондықтан «Орталық Азия – Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» диалогына қызығушылық басым. Мұны Қазақстан тарапы ынтымақтастықты нығайту, түрлі саладағы байланыстарды арттырудың тиімді тәсілін іздестіретін алаң ретінде қарастырады. Жаһандық қауіп пен өңірлік тәуекелдердің үдей түскеніне қарамастан Орталық Азия аймағы өзінің тұрақтылығын көрсетіп, одан әрі өсу мен даму үшін әлеуетін ұтымды пайдаланып келеді.