350 млн доллардан асатын келісімдер жасалды

Қазақстан мен Малайзия арасында жалпы сомасы 350 млн доллардан асатын келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.

Бұл бүгін елордада екі елдің Үкімет басшыларының қатысуымен өткен инвестициялық дөңгелек үстелдің қорытындысы. Енді қос мемлекет Ислам қаржысын және сауданы дамыту, сондай-ақ азық-түлік өнеркәсібі, тау-кен салаларына инвестициялар тарту, алтын өңдеу және трансформатор мен автомобиль майын бірлесіп өндіру салаларында ынтымақтастық орнатуды көздеп отыр.

Бұдан бөлек жиынға қатысқан Премьер-министр Олжас Бектенов малайзиялық кәсіпкерлерді қызмет көрсету, өңдеу өнеркәсібі, қаржы, білім беру, жер қойнауын пайдалану, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларындағы серіктестікті нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін бірлесіп зерделеуге шақырды.

Бүгінде Қазақстанда малайзиялық капиталдың қатысуымен 48 компания жұмыс істейтінін айта кету керек. Жалпы сомасы 410 млн доллардан асатын 17 бірлескен инвестициялық жоба іске асырылуда.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Біз Малайзияны тек туристік және білім беру хабы ретінде ғана емес, сонымен қатар әлемдік нарықтағы маңызды мемлекет ретінде қараймыз. Бір жыл ішінде екіжақты тауар айналымы $150 млн-нан шамамен $245 млн-ға дейін өсті. Ендігі мақсат – экономикалардың қолда бар әлеуетін ашу және екіжақты сауда көрсеткішін пандемияға дейінгі $650 млн-нан асыру. Біз Малайзияға экспортты әртараптандыруға ниеттіміз. Сондықтан малайзиялық кәсіпкерлерді бірқатар салалардағы серіктестікті нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін бірлесіп зерделеуге шақырамын.