Қазақстан мен Қытай су жөнінен тәжірибе алмасады

Қазақстан мен Қытай су ресурстарын пайдалану және табиғи апаттан келетін қауіптің алдын алу бағытында өзара тәжірибе алмасады.

Бұл туралы Бейжіңде еліміздің су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің Қытайдың су шаруашылығы министрі Ли Гоинмен кездесуінде айтылды. Кездесуде трансшекаралық өзендерді тиімді игеріп, су саласындағы ынтымақтастықты нығайту жайы сөз болды. Қытай су тасқыны жиі болатын елдердің қатарында. Судан келетін қауіптің алдын алу іс-шараларына әбден машықтанған мемлекет. Қазақстан көрші елдің осы бағыттағы тәжірибесін меңгеруге мүдделі. Сонымен қатар үнемдеу тәсілдері мен технологиялық және инновациялық әріптестікті арттыру көзделіп отыр.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- Экономикалық дамуда су ресурстарының рөлі мен маңыздылығы артып келеді. Оны уақыт көрсетіп отыр. Осы бағытта қос министрлік арасындағы байланысты тереңдете түсуге мүдделіміз. Әсіресе Қытайдың су ресурстарын пайдалану тәжірибесі мен технологиясы маңызды. Бұған дейін бірқатар қытайлық компаниялармен кездесулер өткізілді. Бұл байланысты одан әрі нығайта түсеміз деп сенемін.