Бүгін – дипломатиялық қызмет күні

Бүгін - Қазақстанның дипломатиялық қызмет күні. Сыртқы саясат өкілдерінің кәсіби мерекесі.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бастап халықаралық сахнада бейбіт даму саясатын ұстанып, көп жетістікке қол жеткізді. Саланың алғашқы саңлақтарымен тілдесіп қайтқан тілшімізді тыңдайық.

Елімізде дипломатиялық қызмет күні кәсіби мереке ретінде 2009 жылғы 1 шілдеде бекітілді.

Төлеутай Сүлейменов, ҚР алғашқы Сыртқы істер министрі:

- Біз декабрь айында тәуелсіздікті алдық қой, сол 1 жылда 90 мемлекетпен қарым-қатынасты құрып, жалғастырып, сөйтіп әлемге Қазақстанның даусы жетті. Ең бірінші мына ТМД құрылды. Қазір көп мемлекетпен, 136 мемлекетпен қарым-қатынасымыз бар, протокол қойғанбыз.

Тұңғыш министр бастапқыда салада қиыншылық көп болғанын айтады. Себебі елімізді күллі әлемге таныстыру міндеті тұрды.

Оның үстіне кәсіби мамандар тапшы еді. Алайда жүйелі жүргізілген жұмыстың арқасында бұл қызметтің кәсіби деңгейі айтарлықтай өсті дейді ардагер маман.

Болат Сәрсенбаев, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығы басқарма төрағасының кеңесшісі:

- Қазақстанның дипломатиялық қызметі өте күшті. Осы 30 жылдан астам уақыт бойы алдымызда тұрған міндеттерді толық атқардық деуге болады. Біздің мемлекетіміз бұрынғы Кеңес елдері арасында алғашқылардың бірі болып БҰҰ қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Ірі саммиттер өткізіп, халықаралық ұйымдарға төрағалық етті. Қазіргі таңда 70-тен астам елде 100 мыңнан астам дипломатиялық миссия жұмыс атқарады.

Иә, сондай халықаралық жиынның бірі – қазір елде өткелі жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті. Бірнеше мемлекет және үкімет басшыларының басын тоғыстырған бұл кеңес мемлекетіміздегі орнықты дипломатияның жемісі деуге болады.

Мөлдір Молдағали, Наурызбай Құрманғазы, 24.KZ