Олжас Бектенов CNPC компаниясының төрағасымен кездесті
Премьер-Министр Олжас Бектенов China National Petroleum Corporation (CNPC) Директорлар кеңесінің төрағасы Дай Хоулянмен кездесті.
Жүздесу кезінде энергетика саласындағы инвестициялық ынтымақтастық мәселелері қаралды. Атап айтқанда, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын арттыру жөніндегі бірлескен жоба талқыланды. Әсіресе, нысанды уақытылы пайдалануға беру үшін жаңғырту жұмыстарын жеделдету керегі айтылды. Сондай-ақ қос тарап газ саласындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыру болашағына тоқталды. Бұған негіз де жоқ емес. Осыған дейін «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының бірінші желісі салынып, іске қосылған еді. Сонымен қатар Премьер-Министр жергілікті қамту үлесін кезең-кезеңімен ұлғайтудың маңыздылығына тоқталды. Үкімет басшысының пікірінше, бұған жергілікті тауар өндірушілері және қызмет көрсетушілердің өзара әріптестігі септігін тигізеді.