Қазақстан мен Әзербайжан басшылары кездесті
Мемлекет басшысы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесіп, мейманға Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне құрметті қонақ ретінде қатысқаны үшін ризашылығын білдірді, деп хабарлайды 24kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің қарқынын жоғары бағалады. Жуырда Бакуге жасаған сапарын еске алып, бұл өзара ықпалдастықты одан әрі дамытуға тың серпін бергенін айтты. Екі ел басшылары инвестиция, өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады. Транскаспий халықаралық көлік бағдарын тиімді пайдалану мәселесіне айрықша назар аударды. Өз кеезегінде Ильхам Әлиев Әзербайжан мен Армения арасындағы келіссөздер үдерісіне атсалысқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын жеткізді. Содан соң екі ел басшыларының қатысуымен «Самұрық-Қазына» Акционерлік қоғамы мен Azerbaijan Investment Holding арасындағы бірлескен инвестициялық қорды басқару туралы келісімге қол қойылды.