Беларусь Президенті елордаға келді
Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу үшін Беларусь Президенті Александр Лукашенко да елімізге ат басын бұрды, деп хабарлайды 24kz.
Мәртебелі мейманды Премьер-министрдің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев қарсы алды. Бұл сапардың осы ел тарихындағы маңызы зор болғалы тұр. Себебі ертең Беларусьтің мемлекетаралық бірлестіктегі толыққанды мүше болу мәселесі қаралады.
Естеріңізге сала кетейік, ресми Минск 2010 жылдан бері Шанхай ынтымақтастық ұйымы жиындарына «диалог серіктесі» және «бақылаушы» статусында қатысып келді. Сондай-ақ Қазақстанмен де сауда-экономикалық қарым-қатынасты қарқынды түрде дамытып келеді. Мәселен, соңғы үш жылда екі ел арасындағы жыл сайынғы тауар айналымы 1 млрд АҚШ долларының маңайында болған. Ал, биылғы 4 айда Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара сауда көлемі 250 млн АҚШ долларына жуықтады. Қос тарап өнеркәсіптік кооперация аясында 1,6 мың жұмыс орнын құра отырып, шамамен $200 млн сомасына ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру бойынша 10 бірлескен жобаны іске асырды. Бұған жуырда тағы 4 жоба қосылады.