М. Әшімбаев ТМД Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты

Сенат Төрағасы ТМД елдерінің Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты. Іс-шара барысында Достастық елдерінің депутаттары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, ТМД ПАА-ның 2023 жылғы жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды 24KZ.

Палата спикері Мәулен Әшімбаевтың тапсырмасы бойынша Сенат аталған жоспарға отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы модельдік заң әзірлеуді қосу жөнінде ұсыныс жасады. Қазақстандық сенаторлардың бұл бастамасына ТМД ПАА-дағы әріптестері қолдау білдіріп, біздің мемлекеттің заңнамалық жұмыстағы оң тәжірибесіне назар аударды.

Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы:

- Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды заңнамалық тұрғыдан реттеу және оның алдын алу бағытында Қазақстанның айтарлықтай тәжірибесі бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен биыл сәуір айында әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды арттыруға арналған заң қабылданды. Сондықтан Қазақстан Парламентінің Сенаты ТМД елдері үшін модельдік заң әзірлеу туралы бастама көтерді. Осы жылдың соңына дейін Сенат тиісті заңнамалық актінің жобасын Парламентаралық Ассамблеяның қарауына енгізеді. Аталған модельдік заңды ТМД елдерінің Парламент депутаттары өздерінің заң шығару қызметінде пайдалана алады.

Сонымен қатар іс-шарада депутаттар Әзербайжан мен Ресейде өткен кезектен тыс президент сайлауы мен Беларусьтағы Парламент сайлауына Ассамблеядан қатысқан байқаушылардың жұмыс нәтижелерін талқылады. Одан бөлек, Өзбекстан мен Әзербайжанда өтетін парламент сайлауына дайындық барысы пысықталды. Кеңес отырысында ТМД-да модельдік заң шығарудың 2025 жылға дейін перспективалық жоспары да қаралды.