А.Балаева ИЫҰ Даму жөніндегі Әйелдер ұйымының өкілімен кездесті

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ислам ынтымақтастық ұйымы Даму жөніндегі әйелдер ұйымының атқарушы директоры, доктор Афнан әл-Шуайбимен кездесті.

Басқосуда отбасылық және гендерлік саясат саласында тәжірибе алмасу қаралды. Ведомство басшысы Қазақстанның бейбітшілік, толеранттылық және кемсітушілікке жол бермеу саясатын ұстанатынын атап өтті. Мемлекет бұл салаға көп көңіл бөледі. Қазір осы бағытта 500-ден астам бірлестік жұмыс істеп жатыр. Оған қоса еліміздің барлық өңірінде «Әйел саясаткерлер клубтары» және олардың кәсіпкерлігін дамыту орталықтары жұмыс істейді. Доктор Афнан әл-Шуайби еліміздің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі жетістіктеріне ерекше тоқталып, Орталық Азия елдері арасында Қазақстан осы салада көшбасшы орынға ие екенін атап өтті.