Президент: АЭС құрылысы еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді
Азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау – әкімге де, жергілікті мәслихаттарға да ортақ міндет. Сондықтан ашық диалог пен қоғамның сынынан және батыл шешім қабылдап, жауапкершілік алудан қорықпау керек. Бүгін мәслихат депутаттарының II республикалық форумына қатысқан Президент осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыру қажеттігін айтып, ұсынысын жеткізді.
Риат Шони, тілші:
- Халық айтса, қалт айтпайды. Халықтың үні ескерілмеген жерде шынайы шешім болмайды. Ал тізе қосқанның тасы өрге домалайды. Сондықтан да бүгін халық пен билік арасындағы байланысқа дем берер, елдің болашағын ойлап, ортақ мұратқа жұмылған жандар елордада бас қосты. Сан тарау мәселелердің тоғысқан жерінде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары ел ішіндегі өзекті проблемаларды жоғары мінберден атап, оны бірлесе шешуге шақырды.
Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бұл жолғы форумы 2,5 мыңнан астам халық қалаулысының басын қосты. Жиынға алғаш рет елдегі 6 партияның өкілі мен бір мандатты округтерден сайланғандар да келді. Жер-жерде қордаланған мәселелерді Үкімет мүшелеріне жеткізетін таптырмас мүмкіндік бұл. Өйткені халық үні мен оның мүддесін қорғау – осы депутаттарға артылған үлкен жауапкершілік.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «Amanat» партиясының төрағасы:
- Әділетті Қазақстанды құру – елдегі ауқымды реформалардың темірқазығы. Біз осы жолдан таймаймыз. Оң өзгерістер қоғамның үмітін оятты. Халқымыз Президенттің төңірегінде топтасып жатыр. Азаматтарымыз таңдаған жолымыздың дұрыстығына көз жеткізіп, өткен Конституциялық референдумда, Президент сайлауында толық сенім білдірді. Ертеңгі референдумда да осы сенімнің үдесінен шығамыз деп мен ойлаймын. Президент бастамаларын, реформаларын табысты іске асыру – барлығымыздың ортақ жауапкершілігіміз.
Екінші мәрте ұйымдастырылып отырған форумға Мемлекет басшысы да арнайы келді. Бүгін Президент алдында жоғары мінберден сөз алған Атырау облыстық мәслихатының депутаты Сырымбек Сәрсембаев, елдегі моноқалалардың экономикасын әртараптандыру қажеттігіне назар аударды. Оның сөзінше, мұнай, газ, көмір, темір, басқа да қазба байлықтар – күндердің күнінде таусылатын шикізат қоры. «Сондықтан да елдегі барлық моноқаланың экономикасын әртараптандыру қажет», - дейді, халық қалаулысы.
Сырымбек Сәрсембаев, Атырау облыстық мәслихатының депутаты:
- Ол үшін елімізде жұмыс істейтін шетелдік ірі компаниялар бірінші кезекте отандық шағын және орта бизнестің, жергілік кәсіпкерлеріміздің өнімдері мен тауарларын сатып алуға басымдық беру керек. Бірақ олар өздеріне қажетті өндірістік құрал-жабдықтарын, барлық керекті заттарын көбінесе шет елдерден әкелуде. Бүгін 3 ірі мұнай компаниялары сатып алып отырған қазақстандық мазмұн отандық өнімдермен қамту мөлшері шамамен 10%-тен аспайды. Сондықтан еліміздегі ірі компаниялардың сатып алатын қазақстандық құрамы, яғни, отандық өнімдердің үлесін кемінде 50%-ке дейін жеткізу керек деп есептеймін.
Ал Ринат Заитов болса, ұлттық құндылықтарға назар аударды. Депутаттың сөзінше, тасада қалған төл өнерді төрге шығаратын кез жетті. Мәжілісмен түйткілді талқылап қана қоймай, ұсынысын да жеткізді.
Ринат Заитов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы, сізбен бірге дәл осы жиында Үкімет мүшелері толық отыр. Осы сәтті пайдаланып, ұлттық дәстүр мен өнердің ордасына айналатын оңаша шаңырақ қажеттігін айтқым келеді. Мәселен Қытайдағы дәстүрлі Пекин орталығы, Италиядағы Ла-Скала, мынау қырғыз ағайынның дәстүрлі Манас орталығы өз ұлтының төл өнері мен дәстүрін сақтап, дамытып отыр. Бізге де осындай республкалық деңгейдегі ұлтымыздың ән, күй, жыр, айтыс, термелерін әлемге танытатын бір дәстүрлі ұлттық театр ауадай қажет.
Аймақ жұртшылығының тыныс-тіршілігі, мұң-мұқтажы қашанда мәслихат депутаттарының жіті назарында. Солай болуға да тиіс. Себебі, сайлаушылардың мүддесін қорғап, ел үмітін ақтау – олардың басты міндеті. Мәслихаттардың қызметіне Президент те ерекше мән береді. Мемлекет басшысы депутаттар назар аудару қажет бірқатар мәселелерге тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгін мәслихат депутаттарының біліктілігін жетілдіру туралы ұсыныс айтылды. Мәслихат депутаттары қызметінің тиімділігін арттыру үшін бұл бағытқа ерекше назар аудару қажет. Бұған Мемлекеттік басқару академиясын тарту керек. Партиялар өз депутаттарының біліктілігін жетілдіру мақсатында академиямен ынтымақтастық орнатқаны жөн деп санаймын. Сонымен бірге депутаттар халықпен тікелей байланыс жасай білуге және өз жұмысы туралы қоғамды жан-жақты хабардар етуге тиіс. Мойындауымыз керек, бұл істе көзге көрініп тұрған кемшіліктер бар. Атап айтқанда, мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдындағы есебі көбіне формальді түрде өтеді. Мұндай кездесулерге тыңғылықты дайындалып, сапалы өткізуге ерекше мән берген дұрыс.
Соңғы жылдары елде жүргізілген ауқымды саяси реформалардың нәтижесінде мәслихаттардың құзыреті кеңейе түсті. Депутаттар облыстың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін баламалы негізде таңдайтын болды. Атқарушы билікке ықпал ете алатын басқа да құзыреттер берілді. Қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана партиялық тізім бойынша жасақталған. Қалғаны – түгел бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Өзін өзі ұсынған 434 адам депутат атанды. Түбегейлі өзгерістер асқан жауапкершілікті талап етеді. Халық қалаулылары өздері сайланған аймағы үшін сол өңірдің әкімімен қатар жауап береді. Осы ретте Президент мәслихаттардың жергілікті экономикалық саясатқа ықпалын арттыра түсу керектігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазір жаңа Бюджет және Салық кодекстері әзірленіп жатыр. Онда жергілікті өзін өзі басқаруға қатысты реформаның ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Үкімет ауыл әкімдерінің бюджетін қалыптастыру және оны жұмсау тәсілдерін қайта қарауы керек. Жергілікті өзін өзі басқару жүйесінің қаржылық дербестігін арттыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі қажет. Кодекс жобаларын талқылауға мәслихаттар белсене қатысқаны жөн. Жергілікті бюджет қаржысының дұрыс әрі тиімді бөлінуі өте маңызды. Депутаттар бұл мәселеге зор жауапкершілікпен қарауға тиіс.
Елде жүріп жатқан ауқымды реформаларды өңірлерде іске асыруда мәслихаттардың орны айрықша. Сондықтан Президент аймақтардағы депутаттарды мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді жүзеге асыруға етене араласып, түрлі батыл бастамаларды белсенді түрде көтеруге шақырды. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев «Amanat» партиясының қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын ерекше атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Мен Үкіметке «Қарызсыз қоғам» және «Ауыл аманаты» секілді партиялық жобалардың ауқымын кеңейтуге көмектесуді тапсырдым. Мемлекет адал еңбегімен тұрмысын жақсартуға дайын жандарға әрқашан қолдау көрсетеді. Бұл «Адал еңбек – Адал табыс» қағидасына толық сәйкес келеді және Әділетті Қазақстан құрудың негізгі факторларының бірі. Сондықтан келесі жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияладым. Осы арқылы қоғамда еңбек құндылығы мен кәсіби біліктіліктің орнығуына ықпал етеміз деп сенемін.
Президент мәслихаттар мен әкімдіктер өзара үйлесімді жұмыс істеуі қажеттігін де айтты. Азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасау – әкімге де, жергілікті мәслихаттарға да ортақ міндет. Сондықтан ашық диалог пен қоғам сынынан да еш қорықпау керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Әрбір әкім азаматтармен диалогқа ашық болуы қажет, сындарлы пікір алмаса білуі керек. Бірақ жұртты дүрліктіріп, шу шығарып, заңды бұзуға жол берілмейді. Ешкім заңнан аттамауға тиіс. Мемлекет мүддесі түрлі популистердің жеке мүддесінен жоғары тұруы қажет. Қоғамның сынынан және батыл шешім қабылдап, жауапкершілік алудан қорықпау керек. Кез келген өзекті мәселеге, соның ішінде ақпараттық шабуылдарға дер кезінде назар аудару қажет. Тағы да қайталап айтамын. Әкімдіктер мен мәслихаттардың міндеті – мемлекеттік саясатты қатаң ұстану, оны ел мүддесіне сай жүзеге асыру.
Алдағы жексенбі еліміз үшін маңызды күн болмақ. Жалпыұлттық референдумда халқымыз елде атом электр станциясын салу қажет пе, әлде қажет емес пе деген мәселені шешеді. АЭС құрылысына қатысты Президент өз ұстанымын бұған дейін бірнеше рет айтқан болатын. Жаһан көшінен артта қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. «Азаматтар қолдап дауыс берген жағдайда, бұл Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихындағы ең ірі жобаға айналады», - деді, Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Атом электр станциясын салу – ұзақмерзімді жоба. Алайда бұл бастама еліміздің орнықты дамуын онжылдықтарға ілгерілетеді, энергетикалық дербестігімізді нығайтады, экономиканың, ғылым мен білімнің түрлі саласын өркендетуге тың серпін береді, сондай-ақ инженерлер шоғыры мен әртүрлі бейіндегі мамандар легін қалыптастыруға ықпал етеді. Заманның талабы осы. Демек, оның пайдасын қазіргі жастарымыз бен болашақ ұрпақ көреді. Осы ретте АЭС құрылысына қолдау білдіріп жатқан Халықтық штабтың жұмысын ерекше атап өткім келеді. Штаб саяси партиялар мен түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ ғалымдарды, сарапшыларды, өндіріс мамандары мен кәсіпкерлерді біріктірді. Азаматтардың ұйысып, ортақ іске жұмыла кірісе алатынын көрсетеді. Дамуға ұмтылыс – ұлтымыздың ең жақсы қасиеттерінің бірі. Сондықтан біз ешқандай қиындыққа қарамастан, алға қарай батыл қадам басуымыз керек. Тағы да қайталаймын. Алдағы референдум тәуелсіздік жылдарындағы ең маңызды уақиға болады және еліміздің одан әрі дамуына тікелей әсер етеді.
Әсет Махамбетов, «Қазатомпром» ҰАК» АҚ ядролық отын циклі жөніндегі басқарушы директоры:
- Қазірдің өзінде әлемнің дамыған Финляндия, Оңтүстік Корея, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Қытай, Үндістан, Франция сияқты 7 ғана елдің өзінде 203 реактор орналасқан. Ал бір ғана АҚШ-тың өзінде 94 реактор қызмет жасап, 97 мың мегаватт электр қуатын беруде. Басқа мемлекеттер осы саланы дамытып жатқанда, біз неге кенже қалуымыз керек?! Одан басқа іргелес Өзбекстанда АЭС небәрі 60-70 шақырым жердегі Жизақ өңірінде салынбақшы. Жан-жағымыздың барлығы АЭС, біз неге салмауымыз керек?
Қазақстанның болашағы – жастардың қолында. Ал осы кейінгі толқын аға буынның жетістіктерін еселеуі үшін келер ұрпаққа қажетті жағдай жасау – ортақ парыз. Сондықтан Прездент: «балалардың денсаулығына, олардың білімі мен тәрбиесіне бүкіл ел болып ерекше көңіл бөлуіміз қажет», - деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Балалар мен жасөспірімдер арасында ел ішіндегі шынайы қаһармандарды насихаттауымыз қажет. Мысалы, жақында өткен Дүниежүзілік Олимпиададағы шахматшы қыздарымыздың жарқын жеңісі үлгі етуге тұрарлық. Біздің оқушылар математикадан, физикадан және басқа да пәндерден өткен олимпиадаларда жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Осындай талантты балаларды қолдап, олардың ұстаздарын ынталандыру керек. Жуырда академик Асқар Жұмаділдаев біздің спортшылар Олимпиадаға барып, қарсыластарын қоғадай жапырып келгеннен кейін оларды әуежайда халық зор қошеметпен қарсы алады, құттықтап көлік пен пәтер кілттерін табыстайды, ал математикадан, физикадан және басқа да пәндерден халықаралық олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушыларды әуежайда ешкім қарсы алмайды деп дұрыс атап өтті.
Маңызды құндылықтың бірі – туған елге жанашырлық. Биыл Президент бастамасымен елде «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы қолға алынды. Аймақтарда ауқымды экологиялық шаралар атқарылып жатыр. Жұмыстың нәтижесі қазірдің өзінде айқын көріне бастады. «Шетелден келген қонақтар елді мекендеріміздің ерекше тазалығына назар аударуда. Дегенмен, тазалық өзгелерден бұрын өзімізге керектігін атап, бұл – Жарлықпен жасалатын, Өкіммен орындалатын шаруа емес. Тазалық алдымен халқымыздың әдетіне, сосын қанға сіңген қасиетіне айналуы қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жиынды түйіндей келе, айрықша сенім мандатына ие болған мәслихат депутаттарын өздеріне жүктелген жауапкершілікті терең сезініп, халыққа адал қызмет етуге шақырды. «Өйткені бәріміздің мақсатымыз, мүддеміз бір. Бұл – Әділетті Қазақстанды құрып, халықтың әл-ауқатын арттыру», - деді Президент.
Авторлары: Риат Шони, Марат Диханбаев, ПТРК, 24KZ