Барлық қазақстандыққа дауыс беру мүмкіндігі жасалады

Қазақстанда атом электр станциясын салу жөніндегі республикалық референдум өткізуге барлық дауыс беру учаскелері дайын.

30 шет мемлекет пен 4 халықаралық ұйым атынан 177 байқаушы қатысатын референдумда азаматтардың таңдау құқығы қатаң сақталуына мән берілмек. Осы ретте аурухана, түзету мекемесіндегілер мен вахталық әдіспен жұмыс істейтіндер де халықтық таңдаудан тыс қалмайды. Алыс жолға шыққан немесе шетелге сапарлап кеткен отандастарымызға да дауыс беру мүмкіндігі ұйымдастырылған. 

Ірі энергетикалық қуат көзін салу мәселесі бойынша өткізілетін референдумға ел аумағындағы 10327 учаске соңғы дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Дауыс беруге құқылы 12 миллионнан астам азаматқа шақырту жіберілген. 

Бейсембай Жұмабеков, аумақтық Референдум комиссиясының төрағасы:

- Оның ерекшелігі биылғы жылы біз әрбір азаматқа шақыртуды қолма-қол жеткізіп отырмыз. Бүгінде осы жұмыстың 95% шешілді. Енді қалған 1-2 күн ішінде үйінде болмай қалған азаматтарға жеткіземіз. 

Референдум учаскелерінде әсіресе мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалған. Арнайы брайль қарпі бар кабина жасақталған. Көзі нашар көретін және құлағы ауыр еститін азаматтарға аудио-бейне құрылғылар мен әріп үлкейткіштер қойылған. Сондай-ақ азаматтардың дауыс беру аймағын тез анықтау үшін республика бойынша уақытша шағын халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады. Сапарлап кеткен тұрғындардың жолшыбай таңдау жасауына да мүмкіндік жасалады.   

Дидар Байтасов, №285 учаскелік Референдум комиссиясының төрағасы:

- Референдум күні қатысушылар өзінің қайда тіркелгенін білмесе оны анықтауға болатын электронды сервистік қызмет жұмыс жасайды. Референдумға келе алмайтын кісілерге  үйге барып дауыс беруге мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі кісілерге барлық жағдай қарастырылған. 

Бейсембай Жұмабеков, аумақтық Референдум комиссиясының төрағасы:

- Азамат мен сол күні қалада болмаймын басқа жақта боламын десе оған куәлік беріледі. Өзінің учаскелік  комиссиясына барып, өтініш беріп, баратын жағындағы жақын учаскеге барып, сол жерде дауыс беруге мүмкіндігі бар. Тағы бір ерекшелікті айтып кетсем, Астана қаласында 5 ауданда 25 мини халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Жергілікті тұрақты мекенжайы болмаған азаматтарды уақытша тіркеуге алынып, өз құқығын орындауға болатын жағдай жасадық. Содан кейін 341 учаскеде компьютерлік жүйеде бағдарламаға кіріп реттейтін жұмыс жасалынған. Әрбір адам құқығын орындаймын дейтін болса мүмкіншілік бәріне жасалған.  

Ел аумағынан шығып, шетел асып кеткен қазақстандықтар да халықтық таңдауға қатыса алады.

Бейсембай Жұмабеков, аумақтық Референдум комиссиясының төрағасы:

- Орталық референдум комиссиясы айтқандай 78 мемлекеттің төртеуінде бүгінгі күні соғыс жағдайы болып жатқаннан кейін ол жерде біз ашыла алмаймыз. 74 мемлекетте біздің рефрендум комиссиясы ашылып, толық заңға сай жұмыс жасайды. Айтып кететініміз, Астана қаласының азаматтарына шетелде болып сол жақта дауыс беруіне де мүмкіндік жасалған. Сол жақтағы өкілдіктеріміз бар. Елшіліктерге барып, өз құжатымен дауыс беруіне мүмкіндік бар. Заң түрінде белгіленген.

Ел ертеңіне қатысты тағдырлы шешім қабылданатын референдумда заң талаптарының сақталуы аса маңызды фактор. Сол үшін арнайы тест арқылы іріктелген аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының қызметкерлері біліктілік арттыру курсынан өткізіліп жатыр. Бүкілхалықтық таңдауға қатысты мәліметтер электронды сайт, телеграмм-бот және І-Көмек порталында қолжетімді болады.

 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Диас Ковланбаев