Жас жұбайлар өз болашағымен қатар ел келешегін де айқындады

Дауыс беру учаскелерінде қызық көп.

Бірқатары әлеуметтік желіде талқыланып жатыр. 

Үйлену тойы рефендумға қатысуға кедергі емес.

Бұл сөзімізге семейлік жас жұбайлар дәлел. Осынау маңызды күні қол ұстасқан жастар дауыс беру үшін №44 орта мектепте орналасқан 42-референдум учаскесіне барды. Дарын Ермеков мен Шынар Ермекова бұл күні өз болашағын айқындап қана қоймай, ел өміріндегі маңызды оқиғаға атсалысты.

Қырдан референдумға...

Жаңаөзен 

Қазір қырда шөп шабу науқаны қызып жатыр. Алайда қарбаласқа қарамастан, бүгін референдумға барып, өз таңдауын жасағандар бар. Дауыс беру учаскесіне шөп таситын арбамен жеткен жаңаөзендік жастар елді сүйсінтті. Тіпті олардың бұл әрекеті "Менің атым Қожа" кинофильмін еске түсіргендей. Иә, жуырда ғана 60 жылдық мерейтойын атап өткен Теңге ауылының жастары қай шаруаға да ширақ екені көрініп тұр.

Маңғыстауда "Алаш арыстары" референдум учаскесін аралады

Маңғыстау облысы 

Саяси науқанда "Алаш қайраткерлері" де төбе көрсетті. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов секілді ұлт қайраткерлерін сомдаған әртістер референдум учаскесін аралап, олардың өнегесін көпшілікке жеткізді. Бұл бастаманы Маңғыстау облыстық театры ұжымы ұйымдастырды. Дауыс берушілер «Алаш арыстарымен»  суретке түсіп, мәре-сәре болды. Арда тұлғалардың болмысы отансүйгіштік сезімі мен азаматтық белсенділікті арттыруға сеп, - дейді маңғыстаулық әлеумет.

Батыр болмысты дауыс берушілер 

Дауыс берушілердің болмысы да, бітімі де бөлек. Алматылық батыр тұлғалы азаматтар көпке үлгі болып, мекенжайына қарасты учаскелерге келген. Өз таңдауын жасады, өзге дауыс берушілерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Себебі бұл ешкім күтпеген тосын сый еді. Осылайша ұйымдастырушылар көшпенділер әлеміне, оның ішінде Ұлы дала рухына енуге мүмкіндік жасады.

Ғасыр жасаған әжей өз таңдауын жасады

СҚО 

Солтүстік Қазақстанда "Алтын Алқа" иегері Қадиша Бекназарова маңызды күні өз таңдауын жасады. Қария биыл қаңтарда ғасырлық мерейтойын атап өтті. Кейуананың дауысын тіркеу үшін мамандар оның үйіне арнайы барды. Қадиша әжей соғыс жылдары тылда еңбек еткен. Содан бергі саналы өмірін отбасына және бала тәрбиесіна арнап келеді. 8 бала, 19 немере, 40 шөбере өсіріп отыр.

Билердің жұрнағы көпке үлгі

Шымкент

Иә, қариялар қоғамның тұтастығы, елдің бірлігі мен берекесінің берік ұйытқысы. Азаматтық борышын өтеп, ел үшін маңызды референдумда дауыс беруі де жастарға үлгі. Әсіресе шымкенттік қариялардың белсенділігін ескермей өтуге болмас. Би болмысты ақсақалдар өз таңдауын жасады.

Елдің ең қарт тұрғыны дауыс берді

Ұлытау облысы

Таяуда ғана еліміздегі ең қарт адам ретінде танылған Түймегүл Темірбаева да дауыс берді. 114 жастағы Ұлытау облысының тұрғынына жылжымалы дауыс беру жәшігі жеткізілген. Қария ел үшін маңызды шешім қабылданатынын біледі. Демек, әрқайсымыздың даусымыз маңызды дейді.

Референдумдағы есте қаларлық оқиғалар біздің назарымызда.