АҚШ байқаушысы: Маңызды шешімді халықпен бірге қабылдау – құптарлық іс
Халықаралық байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жағдай жасалған.
Америка Құрама Штаттарындағы Сайлауға жәрдемдесу жөніндегі комиссияның вице-төрағасы саяси науқанның өту барысына осындай баға берді. АҚШ байқаушысы маңызды шешімді халықпен бірге қабылдау - құптарлық іс екенін айтты. Дональд Палмераның біздің елге келуі елеулі оқиға десе де болады. Өйткені елдегі дауыс беру процесін алғаш рет байқап отыр. Дональд Палмера жауапты міндетке кіріспес бұрын Қазақстанның демократиялық реформалары туралы жан-жақты зерттегенін айтады. Өйткені АҚШ үшін дауыс берудің ашық әрі анық болуы маңызды. Сондықтан да байқаушы ретінде өз міндетімді лайықты атқаруға тырысамын дейді ол. Әрі АҚШ үшін маңызды мәселелердің бірі - мүгедектігі бар адамдарға дауыс беру құқығын қамтамасыз ету. Қазақстанда да бұған жіті мән берілетінінен хабардар болдым деп сөзін түйіндеді байқаушы.
Дональд Палмера, сайлауға жәрдемдесу жөніндегі АҚШ комиссиясы төрағасының орынбасары:
- Халықаралық байқаушы ретінде тәжірибем мол. Осыған дейін бірнеше елде саяси науқандарға қатыстым. Өзім барып шыққан дауыс беру учаскелерінде адам қарасы көп екенін аңғардым. Мұндай референдум өткізу, елдің болашағына қатысты маңызды сұрақтар бойынша шешімді халықпен бірге қабылдау – құптарлық.