Чжан Лин: Халықтың дауыс беруге бала-шағамен келгені қуантады
Дауыс берушілердің арасында әсіресе жастар референдумда белсенділік танытты.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі байқаушыларының миссиясы референдумның барысын осылай бағалады. Олар сондай-ақ учаскелік комиссия мүшелерінің электорат, қоғамдық байқаушылар мен халықаралық байқаушыларға дауыс беру процесі жайлы ақпаратты егжей-тегжейлі түсіндіргеніне көңілі толғанын айтады. Бұл жер-жердегі референдум учаскелері комиссиясының жоғары дайындықтан өткенінен хабар береді. Сонымен бірге зағиптар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға дауыс беру кабиналарында тиісті жағдай жасалғанын атап өтті.
Чжан Лин, АӨСШК бас хатшысының орынбарасы:
- Бізге дауыс берушілердің көбі учаскеге отбасымен келіп, дауыс бергені ерекше әсер етті. Тіпті кішкентай балаларын ертіп келген. Бюллетендерін салғаннан кейін бала-шағасымен фотоға түсіп жатты. Бұл деген керемет емес пе? Дауыс берудің қалай өтетінін көрген балалар есейгенде мемлекеттік басқару процесіне белсенді қатысады.