Қазақстанның қызметтік төлқұжат иелері Бенилюкс елдеріне визасыз бара алады
Енді қызметтік төлқұжаты бар қазақстандықтар Бенилюкс елдеріне визасыз сапарлайтын болады, деп хабарлайды 24kz.
Тиісті хаттамаға қол қою рәсімі Бенилюкс бас хатшылығы кеңсесінде өтті. Игі бастама еліміздің мемлекеттік қызметшілерінің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Осылайша, олар Бельгия, Нидерланд, Люксембург елдерінде 90 күн бойы кәсіби міндеттерін орындап, емін-еркін жүре береді. Брюссельде 200 шетелдік дипломатиялық миссия мен Еуроодақ сияқты 130 халықаралық ұйым орналасқан. Қызметтік төлқұжат визалық талаптардан босатып, бюрократиялық кедергілерді төмендетеді. Жаңа ереже 30 күннен кейін күшіне енеді.
Марғұлан Баймұхан, ҚР Бельгия Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі, ҚР ЕО мен НАТО-дағы миссия төрағасы:
- Бұл біздің азаматтарымыздың, әсіресе, кәсіби мақсатта сапарлайтын қызметкерлердің визалық процедураларын жеңілдетуге бағытталған маңызды қадам. Меніңше, бұл мемлекеттік қызмет пен ұлттық компания мамандарының Еуроодақ орталығы 200-ден астам дипломатиялық миссия және халықаралық ұйымдар орналасқан Брюссельде еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді. Біз еуропалық серіктестермен өте тығыз байланыстамыз.
Йорис Салден, Бельгия СІМ Консулдық қызметінің департамент басшысы:
- Мұндай хаттамалар мемлекетаралық қатынасты жеңілдету үшін тиімді. Бүгін біз Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейту мақсатында маңызды қадам жасадық. Экономикалық және мәдени серіктестік қарқынды даму үстінде. Іскерлік байланысты мүмкіндігінше арттырамыз.