Қасым-Жомарт Тоқаев Реджеп Тайип Ердоғанмен кездесті

Мемлекет басшысы Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоғанмен де кездесті.

Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы келісімге 30 жыл толғанын атап өтті. Қазір де бауырластық қарым-қатынас қарқынды дамып жатыр. Түркия Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Былтыр екіжақты сауда-саттық 6 миллиард долларға жетті. Осы ретте Президент түрік бизнесмендерінің қатысуымен жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар жеке бақылауында болатынын мәлімдеді. Өз кезегінде Реджеп Тайип Ердоған Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас стратегиялық сипатта дамып келе жатқанын атап өтіп, екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі жандандыру үшін мол әлеует бар екенін айтты. Тағы Түркия басшысы келер жылы Анкарада өтетін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-отырысы барысында бірқатар салаларда маңызды келісімдерге қол жеткізетініне сенім білдірді. Сонымен қатар Режеп Тайип Ердоған Қазақстанмен арадағы сауда айналымын 15 миллиард долларға дейін арттыруға ұмтылуға ниетті екендігін жеткізді.