Президент Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумының ашылуымен құттықтады

Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумының ашылуымен құттықтады.

Алқалы жиын ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында елордада өтіп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұл форум елімізде тың игеру науқаны басталғанына 70 жыл толуына тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті. Биыл түрлі қиындыққа қарамастан қамбамыз астыққа толды. Күзгі жиын-терінде 26,7 млн тонна дақыл жиналды. Бұл соңғы он жылдағы рекордты көрсеткіш, деді Президент.

ЦИТАТА: Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

- Қазақта «Еңбегіне қарай өнбегі» деген сөз бар. Мұны ең алдымен, ауыл халқының ерен еңбегінің жемісі деуге болады. Мемлекет тарапынан да тиісті жұмыс жүргізілді, қажетті көмек берілді. Қазір елімізде жаңа экономикалық бағдар аясында нақты шаралар қолға алынып жатыр. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде инфляция деңгейі төмендеді. Сондай-ақ ұлттық экономиканың өсімі 2024 жылдың қаңтар-қазан айларында 4 пайыздан асып, жақсы қарқын алды.