Қ. Тоқаев пен В. Путин не талқылайды?

Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Известия» газетіне берген кең көлемді мақаласы Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында жазылып отыр. Сондықтан жазбада саяси серіктестік те егжей-тегжейлі жазылған. Мемлекет басшысы бұл сапарды қазақ-орыс қатынасының тарихындағы аса маңызды оқиға деп бағалап, стратегиялық серіктестіктің мән-маңызы айрықша екенін көрсетеді деді.

Сондай-ақ Астанада өтетін кездесуде сауда-экономика, көлік-логистика, отын-энергетика, ғылым және техника салаларындағы ынтымақтастыққа қатысты ауқымды мәселелерді талқылайтынын жеткізді. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы ықпалдастық барысы пысықталады. Сондай-ақ қатты ушығып тұрған әлемдегі ахуалға қатысты пікір алмасады.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз, Қазақстан халқы, елдерімізді әлемдегі құрлық арқылы өтетін ең ұзын шекара қосып тұрғанын әрдайым есте ұстаймыз. Оны мәңгі достық пен нағыз тату көршіліктің шекарасы деп санаймыз. Екі жақтың шекара маңындағы аудандарында 32 миллионға жуық адам тұрады. Бұл да айрықша маңызды. Екі елдің аймақтары біздің мемлекетаралық қатынастарымызды нығайтуға елеулі үлес қосып отыр.