Эр-Риядта халықаралық One Water Summit отырысы басталды

Эр-Рияд қаласында халықаралық «One Water Summit» отырысы басталды.

Алқалы жиынға Қазақстан мен Франция төрағалық етіп жатыр. Сондай-ақ Сауд Арабиясының билігі мен Дүниежүзілік банк қолдау танытуда. Келелі кеңесте су тапшылығы мен құрғақшылық тақырыбы талқыланады. Негізі 4 мәселеге басымдық берілмек. Отырыста тағы қандай мәселелер көтеріледі? Өңірдегі тіршілік көзінің қазіргі жағдайы қандай?

Судың да сұрауы бар. Кейінгі жылдары ысырапшылық пен немқұрайлықтың кесірі күллі адамзатқа тие бастады. Ең сорақысы, сарапшылар мұны үлкен апаттың басы ғана деп отыр. БҰҰ пайымына сенсек, 2030 жылы су тапшылығы 40 пайызға жетеді. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 15 пайыздан асуы мүмкін. Мәселе ушықпай тұрып, тіршілік нәрін тең бөліп, тиімді пайдалануды шешу керек. Саммит тұғырында Қазақстанның тұрғаны осыдан.

Лионель Гужон, француз даму агенттігі сумен жабдықтау және санитария бөлімінің басшысы:

- Бұл саммиттің мақсаты - су ресурстарын басқаруды жоғары саяси деңгейге шығару. Бұл сектораһға саясат көп араласпайды. Ұзақ уақыт бойы БҰҰ деңгейінде пікірталас болған жоқ. Сол үшін мемлекет басшылары деңгейінде келіссөздер керек. Су ресурстарын басқару - біздің екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тұрақты саласымен айқындалған бағыт және француз даму агенттігі Франция мен Қазақстан арасындағы осы өзара іс-қимылға үлес қосады.

Ал Қазақстан мен Орталық Азиядағы ахуал қалай? Аймағымызда қазір 75 млн халық тұрса, 2050 жылы адам саны 100 млннан асады. Тіршілік көзін тұтынушылары көбейсе, тапшылық ушығатыны айтпаса да түсінікті. Бірақ біздің өңірде су үшін келіспеушілік қазірден бар. БҰҰ Қазақстанның су тапшылығын сезініп отырғанын және 2040 жылға қарай тапшылық ағымдағы тұтынудың 50% жетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Оның үстіне шаруалар пайдаланатын судың 40 пайызы трансшекаралық өзенге тиесілі. Сарапшылар саммитте бұл мәселе де көтеріледі деп болайжы. Нақты шешімдер де ұсынылады деп күтілуде.

Мирас Жиенбаев, сарапшы:

- Орталық Азия қазір үлкен трансформациялық процестерді бастан кешуде. Демографиялық өсім барлық ресурқа үлкен жүктеме болады. Әсіресе суға сұраныс көбейеді. Тіршілік нәрін тиімді пайдалану мәселесі әлем үшін өзекті. Біздің Орталық Азия үшін Парсы шығанағы елдерімен су саясатын жүргізу маңызды. Және бұл бағытта атқарылып жатқан шаруа көп екенін көріп отырмыз.

Дүниежүзілік банктың сараптамасына сәйкес, Орталық Азия елдері суды тиімсіз қолданудың кесірінен жылына 4,5 млрд доллардан қағылады. Қазақстанның да жоғалтатыны аз емес. Қазіргі уақытта 100-ден астам су бекеттерін жөндеп, қалпына келтірді, 700 км-ден астам каналдарды тазартылды. Оған қоса 1 мыңнан астам су құрылыстары аттестаттаудан өтіп, 11 өңірде 98 гидротехникалық құрылыстар жөнделді. Бірақ мұның өзі жеткіліксіз. Сол үшін саммиттен күтетініміз көп. Соның бірі Франция бастамасымен қолға алынған ауқымды челледжге қосылу.

Күлпәш Жәкен, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі су саясаты департаментінің басқарма басшысы:

- 2030 жылға дейін 300 мың шақырып өзен мен 350 млн гектар жердегі сулы батпақты жерлерді қалпына келтіру көзделіп отыр. Еліміз осы мақсаттарға жетуге өз үлесін қосуға дайын. Еліміз үшін басты бағыттың бірі Арал теңізі мен Балкөш көлін қалпына келтіру жұмыстары. Саммит аясында балқаш көлін сақтау үшін Франциямен бірлесіп 2 келісімге қол қойылады.

Жаһан сарапшыларын Каспий теңізі мен Балқаш көлінің тартылуы алаңдатып отыр. Бұл айдындарды аман алып қалу аймақ үшін маңызды. Бұған дейін Арал теңізінің көп бөлігі құрғап кетті. Десе де, БҰҰ бұл бағыттағы Қазақстандық мамандардың жұмысын жоғары бағалайды.

Стивен О’Малли, БҰҰ Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісінің міндетін атқарушы:

- Су тапшылығы үлкен апаттарға әкеп соғуы мүмкін. Егістіктегі ысырапшылдықтың кесірінен тіршілік көзінің көп бөлігін жоғалттық. Сондықтан Орталық Азия елдерінің қуаңшылықпен күресу, Аралды қолдау қоры сияқты маңызды бастамаларын жоғары бағалаймыз. Әрине, біз Каспий теңізіндегі судың азаюына алаңдап отырмыз.

21-ғасырда судан төнген апаттың саны 134% - ға өсті. Тіршілік нәрінің қауіпсіздігі – күллі әлемге ортақ сынақ. Сол үшін де Қазақстан су дипломатиясына ерекше мән береді. Ал Сауд Арабиясында өтіп жатқан саммит саладағы серіктестікке серпін бермек. Бұл жиын 2026 жылы өтетін Су жөніндегі конференцияға дайындық. трансшекаралық сулар және тұщы су экожүйелері бойынша ынтымақтастық, саладағы техникалық шешімдер талқыланады. Сондай-ақ су және санитария секторларында қаржыландыру мен судың өндірістегі рөлі қаралады.

Бекзат Аманов, Абдулхамит Булекпаев