Сенат «Келешек» ерікті жинақтау жүйесіне қатысты заңды мақұлдады
Сенат «Келешек» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысты заңды мақұлдады.
Құжатта жинақтау жүйесінің қызметін құқықтық реттеу көзделіп отыр. Бағдарлама бойынша 5 жасқа толған баласы бар әр ата-ана кез келген банк немесе сақтандыру компаниясында шот аша алады. Салымшыларға мемлекеттен жыл сайын 5-7% сыйақы қарастырылған. Қаражат баланың елімізде немесе шетелде кәсіптік-техникалық және жоғары оқу орнынан кейінгі біліміне жұмсалады. Мұндай жүйені құру жайында Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтқан еді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
-Мақұлданған заңда бірқатар саланы бюрократиядан арылтуға арналған түзетулер топтамасы қамтылған. Сондай-ақ Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауда жүктеген тапсырмасын орындау мақсатымен «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөнінде норма қарастырылып отыр. Алдағы уақытта заң азаматтарға сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз.