«Ұлы дала» әдеби байқауының жеңімпаздары анықталды

Тәуелсіздік күні қарсаңында «Ұлы дала» әдеби байқауының жеңімпаздары анықталды.

«AMANAT» партиясы ұйымдастырған дәстүрлі әдеби сайыс биыл жазушы, қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналды. Байқау бесінші мәрте өткізіліп, игі дәстүрге айналған. Биылғы ақтық сынға 150 шығарма іріктелді. Оның бәрі аikyn.kz сайтында арнайы «Ұлы дала байқауы» айдарымен орналастырылды. Жеңімпаздарды арнайы құттықтаған Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының ұлттық мәдениет пен әдебиетке ерекше назар аударатынын атап өтті.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, "AMANAT" партиясының төрағасы:

- Бұл байқау талай бұлақтың көзін ашты. Талай қалам ұстаған таланттың танылуына септігін тигізді. Бәріміздің ойымыз да, мақсатымыз да бір. Ол елге қызмет ету, мемлекетіміздің болашағы үшін аянбай тер төгу. Ал мемлекеттің мүддесі жолында адал қызмет етіп, елдің рухын көтеріп жүрген тұлға – ол біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Байқасаңыздар, Мемлекет басшысы осы рух деген сөзді жиі айтады. Әділдік, адалдық, отан сүйгіштік, еңбекқорлық, оның ішінде адал еңбек сияқты құндылықтарға ерекше мән береді. Өйткені, бұл құндылықтар елдің рухын көтереді. Сіздердің шығармаларыңызға да осы қасиеттер, құндылықтар, елдегі оң өзгерістер арқау болуға тиіс деп ойлаймын.