Астанада Орталық Азия елдерінің орнықты даму мәселелері талқыланды

Жаһандық жылыну, Каспий теңізінің тартылуы, Аралдың жойылуы сияқты өзекті климаттық сын-қатерлерді оңтайлы шешу үшін Орталық Азия елдерінің нақты үйлесімді жұмысы қажет. Бұл ретте парламентаралық өзара іс-қимыл, заңнамалық тәжірибе алмасу және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен ынтымақтастық орнату маңызды. Бұл жайында Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның кеңейтілген отырысында айтты.

Алқалы жиынға Орталық Азия елдері парламенттерінің өкілдері қатысты. Шара барысында парламенттер мен жергілікті өкілді органдардың Орталық Азия елдерінің орнықты дамуын қамтамасыз ету жолындағы рөлі талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар аталған бағыттағы тәжірибелерімен бөлісті. Мәулен Әшімбаев осындай кеңейтілген форматтағы отырыс өңір елдері парламенттерінің орнықты дамудың жаһандық мақсаттарына қол жеткізу үшін бірлесіп әрекет етуіне ықпал ететінін айтты. Парламенттік комиссия мүшелері мен сарапшылар Қазақстанның орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолындағы бастамаларына назар аударып, 10 жыл ішіндегі аралық нәтижелерді талдады. Сондай-ақ өңір елдерінің орнықты дамуын баяулатып отырған осал тұстар да назарға алынды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты тұжырымдамалық мақаласында өңірдің орнықты дамудың жаһандық күн тәртібіндегі рөліне кеңінен тоқталды. Орнықты дамудың күн тәртібі қазіргі таңдағы ортақ жаһандық және аймақтық проблемаларды шешуге бағытталған. Бұл ретте климаттың өзгеруі, құрғақшылық, су ресурстарының тапшылығы және экология мәселелері өңір үшін өзекті екені белгілі. Сондай-ақ халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыру да – елдеріміз үшін ортақ міндет.

Чингиз Айдарбеков, Қырғыз Республикасы Жогорку Кеңешінің депутаты:

- Қазақстанның Парламенті орнықты даму мақсаттарын іске асыруға қаншалықты үлес қосып жатқандығын, орнықты даму мақсаттары сіздердің елдің парламентімен бірлесе қалай іске асырылып жатқандығын және барлық процесс қалай бақыланатындығын көргіміз келеді. Себебі біз де осы бағытта үлкен кешенді жұмыс атқарып жатырмыз.

Айта кетейік, орнықты дамудың жаһандық рейтингі деректеріне сай Қазақстан өз позициясын жақсартып келеді. Кейінгі жылдары ұлттық экономиканың индексі 7 сатыға жоғарылап, 71 баллға ие болып отыр. Еліміз 167 елдің ішінде 66-шы орында.