Иран Қазақстанға Парсы шығанағындағы порттарын ашады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты. Жиында бірлестіктің жұмысы қорытындыланып, әлеуеті мол маңызды құжаттарға қол қойылды. Оған қоса Иран ұйымға бақылаушы мемлекет статусына ие болып, өз нарығын ашуға келісті. Демек қазақстандық тауарлар енді әлемге Парсы шығанағы арқылы тасымалдануы мүмкін.

Санкт-Петербург. Тарих пен тағылым тоғысқан шаһар мейрам қарсаңында әдеттегідей маңызды мәмілелер орталығына айналды. Өңір басшыларының дәстүрлі кездесуіне биыл жаһан саясатының назары ерекше ауып отыр. Жаңа жыл алдындағы жоспар өте ауқымды. Президенттер келелі құжаттар қабылдап қана қоймай, интеграция көкжиегін кеңейту тұрғысында маңызды қадам жасады. Бұл бестіктің биылғы басқосуындағы негізгі тақырып.

Жиын шағын құрамнан басталды. Ұйымға төрағалық етіп жатқан Армения премьер-министрі Никола Пашинян ковид вирусын жұқтырып алғанына байланысты жиынға келе алмай, отырысқа онлайн қосылды. Ал қалған қатысушылардың қатары түгел. Алдымен делегация басшылары жыл жетістіктерін жіпке тізді. Ресми сандар серпілісті көрсетіп тұр. Ұйымға мүше мемлекеттердің барлығы ЖІӨ өсімін көрсетті. Қазақстанның көрсеткіші биыл 4,4%-ке өсті.

Анастасия Николаенко, саясаттану ғылымдарының кандидаты:

- Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдер арасындағы сауда айналымын ұлғайту маңызды болып тұр. Санкт-Петербургтегі жиын жаңа сауда келісімдерін жандандыруға және құжаттарға қол қоюға арналған. Қазір ұйымға мүше елдер агроөнеркәсіптік секторындағы әріптестік нығайып келеді. Энергетикалық сектор, дайын өнімді импорттау бағытында да белсенді жұмыс байқалады.

Одан әрі президенттер кеңейтілген құрамға ойысып, биылғы отырыстың да нәтижелі болғанын айтты. Жабық есік артында тек басты тақырыптар қаузалғаны анық. Жоғары деңгейдегі мұндай келіссөздерің қыр-сыры көп ашыла бермейді. Алайда Беларусь басшысы Александр Лукашенко шет-шағасын айтып берді.

Ордалы отырыста барлығы 20-дан аса мәселе талқыланды. Соның бірі – депмингке қарсы шаралар қабылдау және өтемақы мәселесін қайта қарау. Бұл жергілікті тауар өндірушілерді қорғауға бағытталған құжат. Президенттер ережені әрдайым түзетіп отыруға және саудадағы әділ серіктестікті сақтауға келісті. Оған қоса одаққа мүше мемлекеттер мен  үшінші елдер кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы келісімге қол қойылды. Бұл алыс-берісті ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бақытжан Сағынтаев, Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы:

- Бұл жобаға Орталық Азия елдері, Қытай және басқа да сауда серіктестеріміз қатыса алады. Келісімнің негізгі міндеті – аумақтың байланысын арттыру. Сондай-ақ және бизнестің жүктерді жеткізудегі шығындарын азайту. Бұл тұтынушылар, яғни қарапайым халық үшін өте маңызды.

Иә, кез келген келісім қарашаның пайдасын көздеуі тиіс. Ол үшін нарықтың үлкен, бәсекелестіктің жоғары болғаны жөн. Сол үшін Иран Ислам Республикасы бірлестіктің бақылаушы мемлекеті атанды. Оған қоса екі тарап еркін сауда туралы келісімге келді. Бұл ғана емес, Иран біз үшін Парсы шығанағындағы порттарын ашатын болды. Демек, енді Еуразиялық экономикалық одақ өңірлік емес, жаһандық ұйымға айналады. Нарығы үлкен, әлеуетті серіктестіктен күтетін үміт мол.

Сейед Мұхаммед Атабак, Иран Ислам Республикасының өнеркәсіп, шахталар және сауда министрі:

- ЕО-мен еркін сауда туралы келісімді ратификациялауды тарихи құжат деп бағалаймын. Бұл өзара сауданың жаңа бетін ашады. Иран Ислам Республикасы басқа бағыттарда да байланыс құруға дайын. Атап айтқанда, көлік-логистика, энергетик және энергетикалық қауіпсіздік салаларында ынтымақтастықты кеңейте аламыз.

Отырыста Өзбекстан мен Куба басшылары да серіктестікке серпіліс қосуға ниетті екендерін жеткізді. Ташкент туризмды дамыту үшін одаққа мүше елдердің азаматтары үшін елге кіріп-шығуды жеңілдеткісі келеді. Экономикалық интеграцияға да дем беруге бейіл. Отырыс соңында делегация басшылары одақтың 2025 жылғы халықаралық қызметінің бағыттарын бекітіп, жоғарыда айтылған келісімдердің құжатына қол қойды. Ал келесі жылы ұйым төрағалығы Беларусьқа өтеді.

Сонымен одақтас мемлекеттер ауқымы кең, әлеуеті ұшан-теңіз маңызды құжаттарды қабылдай отыра, жылдың соңын табысты жапты. Келісімдер көкжиегі кең, әр саланы, экономиканың әр бағытын қамтиды. Қысқасы, жаңа жылға жаңа жоспар, жаңа уағдаластықпен кіргелі жатырмыз. Демек Президенттің Санкт-Петербургқа сапары жылдың сәтті қорытындысы деуге толық негіз бар.

Авторлары: Бекзат Аманов, Айдос Меделбеков, Бақытбек Нұртаев.