Қ. Тоқаев елордадағы бірқатар нысанды аралап көрді

akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың өнеркәсіп һәм әлеуеметтік әлеуетін бағамдап, Астанадағы бірқатар нысанның жұмысымен танысты. Президент студенттермен және электровоз зауытының жұмысшыларымен тілдесті. Емен-жарқын әңгіме кезінде түрлі тақырып талқыланды. Оның ішінде жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыру және Қытайдан шықан жаңа инфекция жайлы айтылды.

Президент өнеркәсіп нысандарын аралады

Жас қаладан бас қалаға айналған Астана. Әсем архитектура һәм зәулім ғимаратпен ерекшеленетін шаһар қазір өнеркәсіптің де орталығына айналып келеді. Елордадағы индустриялық парктің жұмысы қыз-қыз қайнап, көлемі ұлғая түсті. Көкжиегі кеңейген кәсіпорындармен танысу үшін бүгін мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барды. Президент табан тіреген алғашқы нысан – электровоз құрастыру зауыты. Кәсіпорынды Францияның Alstom компаниясы іске қосқан. 

Зауыт жылына 100 электровоз секциясын шығарады. Өндірісте қолданылатын шикізаттың 70%-і Қазақстаннан шығады екен. Соның арқасында 270 отандық кәсіпорынмен бірлесе жұмыс істеп жатыр. Оған қоса 1200 адамды жұмыспен қамтыған. Ең қызығы, мамандар жұмысқа кіріспес бұрын Франциядағы Alstom зауытында тәжірибе жинайды.

Бүгінгі дейін мұнда 380 жүк және 70 жолаушылар электровозы шығарылған. Сондай-ақ олардың қосалқы бөлшектері өндіріледі. Шетелге экспортталған өнімдері де аз емес. Кәсіпорын нарыққа локомотив корпустары, трансформаторлар, төмен және жоғары вольтты ұсынады.

Жером Бойе, Alstom компаниясы Батыс және Орта Азия кластерінің басқарушы директоры:

- Өндірісте жергілікті компоненттердің үлесі басым. Қазақстанға кірген жылдар ішінде біз өз технологияларымызды және жеке жабдықтарымызды Қазақстанға көшірдік. Оны қазір осы жерде шығарып жатырмыз. Соның арқасында жұмыс тұрақты. Кәсіпорын локомотивті желіге қосқаннан кейін 20-30 жыл бойы техникалық қызмет көрсетеді. Бұл өнімдеріміздің сапалы екенін айғақтайды.

 

2028 жылы қазақстандық локомотивтер өндіріледі

Иә, франциялық компания қаржымен қоса технология да әкелді. Соның арқасында жаңа буын локомотивін құрастыру жобасы қолға алынды. Демек 2028 жылдан бастап тұңғыш рет қазақстандық электровоз жасап шығарылады. Техниканы жергілікті инженерлер жобалады, оның құрылысына Қазақстан шикізаты мен өз технологиямыз енгізіледі. Мамандардың айтуынша, бұл ТМД аймағындағы ең заманауи һәм сапалы локомотив болады.

Компанияның жағымды жаңалығы мұнымен шектелмейді. Алда Астана, Алматы, Шу және Арыс қалаларында сервистік орталықтар ашуға инвестиция құйып жатыр. Бұл қосымша 700 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Президент қарқынды жұмыс істеп жатқан зауыт қызметкерлеріне сәттілік тіледі.

 

Қ. Тоқаев жас жұмысшылармен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев теміржолға қажетті құрал-жабдықтар шығаратын отандық кәсіпорындардың өнімдері көрмесін аралады. Қазір бұл салада 600-ден астам отандық компания жұмыс істейді, олардың өнімдері мен қызметі 25 елге экспортталады. Көрмеден соң Президент кәсіпорынның жас мамандарымен жүздесті.

 

Президент өнеркәсіп нысандарын аралады

Әрі қарай Мемлекет басшысы құрылыс индустриясы нысандарымен танысты. Бұл – ел экономикасында жақсы өсім көрсетіп жатқан саланың бірі. Тиісінше осы бағытта табысты компания көп. Соның бірі – 100-ден астам қызметкері бар Аsyl Qala кәсіпорны. Жобаға 8 миллиард теңге инвестиция құйылған. Тәулігіне 4500 шаршы метр тротуар жабындысы өндіріледі. Құрылыстың екінші кезеңі аяқталған соң бұл көрсеткіш 9000 шаршы метрге дейін ұлғаяды. Өндіріске заманауи технологиялар қолданылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жылына 150 мың шаршы метр автоклавты газ блоктарын шығаратын зауытқа да барды. Кәсіпорын «Даму» қоры және Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржыландырылған. 110 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Зауыттарды аралау барысында Президент құрылыс индустриясы экономиканың маңызды бағыты екенін атап өтіп, жергілікті өнім көлемін арттыру қажеттігін айтты.

 

Президент әлеуметтік нысандарды аралады

Президент Астананы аралау барысында әлеуметтік нысандарға да барды. Алдымен KIS Astana халықаралық мектебін аралады. Білім ордасында мыңнан аса бала оқиды. Мектеп халықаралық бакалавриат аккредитациясынан өткен. Оқу кабинеттері заманауи технологиялармен жабдықталған. Сонымен қатар түрлі спорт инфрақұрылымы қарастырылған. Қасым-Жомарт Тоқаев жас буынның бәсекеге қабілетін шыңдауда әрі жан-жақты дамытуда осындай оқу орындары ерекше рөл атқаратынына назар аударды. Білім саласындағы нысандарды жатақхана жалғады.

Бұл Мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде салынған Еуразия ұлттық университетінің Студенттер үйі. Ғимарат үш заманауи блоктан тұрады. Биыл оқу орнына қарасты жатақханалардағы орын 10 мыңға дейін ұлғайды. Бұл студенттерді жатын орынмен қамтамасыз ету мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік берді. Іргелі жобаның бірімен Президент арнайы танысып көрді.

Бұл Қазақстандағы ең ірі жатақхана. Мұнда 2500-ден аса студент сыяды. Оған қоса жастардың қолайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Біріншіден, ғиимараттың қауіпсізідігі қатаң күзетіледі. Әр қабатта бейнебақылау камералары қойылған және Face ID жүйесі жұмыс істейді. Екіншіден, жатын орны бұрынғы жатақханаға қарағанда әлдеқайда жайлы.

Жатақхана небәрі 8 айда салынды. Студенттер қаңтардың 15-нен бастап орналаса бастайды. Ғимарат құрылысында ерекше қажеттілігі бар студенттердің де жағдайы ескерілген. Оның дизайны мен инфрақұрылымы кедергісіз орта қалыптастыру талаптарына сай келеді.

 

Қ. Тоқаев студенттермен кездесті

Аралау барысында Президент студенттермен кездесіп, Ana tili газетіне берген сұхбатында айтқанындай, елімізде цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға ерекше мән берілетінін айтты. Бұл озық технологиялар әр салаға енгізілетінін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ретте жастарға айрықша үміт артатынын атап өтті. Жастар да сенім үдесінен шығуға дайын.

 

Білім саласының бағдары

Былтыр ел аумағында 11 мың орындық 40 жатақхана пайдалануға берілді. Ал биыл бір ғана Астана қаласында 7 жатақхана ашылады. Жалпы елде жатақханан тапшылығын жою қарқынды. Сұраныстың күрт артуы шетелдік студенттердің де толығуымен байланыстыруға болады. Қазір елге ТМД ғана емес, алыс елдерден келіп білім алып жатқандар көп.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Биыл шетелдік студенттер саны 31 мыңнан асты. Моңғолия, Түркия, ТМД, тіпті Аустралиядан келіп, білім алып жатқан азаматтар көп. Бұл бағытта Астана қаласының рөлі ерекше. Шаһардың экономикасына академиялық туризм үлкен серпіліс әкеледі деп күтіп отырмыз. Сол үшін шетелдік белді университеттердің филиалдарын ашу ісі де қарқынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарды оң бағалады. Білім беру саласындағы және жастар арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызды екеніне назар аударды. Сондай-ақ жұртты алаңдатқан метапневмовирус туралы пікір білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазір бәрі жаңа инфекция туралы айтып жатыр. Меніңше, одан даңғаза жасаудың қажеті жоқ. Сондықтан Қытаймен ынтымақтастықты одан әрі дамытуымыз керек.

 

Президент әлеуметтік нысандарды аралады

Одан әрі заманауи QazSwimAcademy спорт орталығына барды. Спорт кешенде атлеттерді даярлауға қажетті барлық жағдай жасалған. Ересектер мен балалар ұзындығы әртүрлі бес бассейнде жаттыға алады. Академияны жоғары технологиялық үлгіде жабдықтауға баса назар аударылған. Президент жас спортшылармен әңгімелесіп, мемлекет спорт инфрақұрылымдарын дамытуға ерекше мән беретінін айтты. Жас спортшылармен кездесіп, Олимпиада чемпионы болуға тілектестік білдірді.

Авторлары: Бекзат Аманов, Марат Диханбаев, Ислам Махамбет.